Сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстары аяқталды

376
Сайлау

26 наурыз күні түрлі деңгейдегі мәслихаттарда босаған орындарға депутаттарды сайлау өтеді. 24 наурыз күні сағат 24:00-де үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары аяқталады. Қазіргі таңда дайындық жұмыстарын аяқтап қалған сайлау учаскесінің жауаптылары сайлаушыларға шақырту қағаздарын да таратып үлгергендерін айтады.

Шымкенттегі №5 қалалық сайлау округі жексенбі күні өтетін сайлауға дайын. Комиссия төрайымы Қымбат Рузаева күнтізбелік жоспардан бастап хаттамалар, методикалық әдістемелер, жалпы, сайлаудың заң шеңберінде өтуіне әзірленген тиісті құжаттардың толықтығын қайта тексеруде. Бұл округ бойынша өтініш білдірген 6 үміткердің екеуі додадан шығып қалған. Себеп – құжаттары толық емес. Үміткердің бірі үгіт-насихат жұмысын белгіленген мерзімнен бұрын бастап кетті деген арыз да болғанын төрайым жасырмады.

Қымбат Рузаева, Шымкент қалалық №5 сайлау округінің төрайымы: «Ия келіспеушілік болды. Дегенмен, қазір бұл мәселе өз шешімін тапты.»

№48 сайлау учаскесі №26 мектептің ғимаратында орналасқан. Мұнда сайлау туралы заңға сәйкес барлық талаптар орындалған. Дауыс беретін орын, бюллетень тастайтын жәшік – барлығы дерлік саяси іс-шараға әзір. Сайлау учаскесінің аумағына сәйкес сайлаушылардың тізімі де түзілген. Алпысбаев, Мақталы, Мәскеу, Қалдаяқов пен Зерделі көшелерінің тақ бетінде орналасқан үйлерде болған комиссия мүшелері азаматтарға шақыру қағаздарын таратқан.

Айта кету керек, облыстық мәслихат депутаттығына сайлау 3 округте өтеді. Шымкентте №11, 31 сайлау округтерінде, Мақтарал ауданындағы №25 сайлау округінде өтеді. Ал бүгін, 24 наурызда сағат 24:00-де үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары аяқталатынын облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы ескертеді.

Айта кететін жайт, Мақтаарал ауданындағы №25 сайлау округі бойынша облыс мәслихаты депутаттығына төрт үміткердің бірі Сұлтанбек Сүгірбаев наурыздың төртіне арызын қайтарып алған. №11 облыстық сайлау округі бойынша өздерін ұсынған экс-депутат Қайыпбек Қамбаров, үміткер Дәулет Пернебаевтың құжаттары толық болмай, додадан шығып қалды.