Шымкентте 2017 жылы 1600-ға жуық коммуналды пәтер табысталады. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімшіліктің кезекті жиынында айтылды. Басқосуда Шымкент қаласындағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың жайы, құрылыс жұмыстарының барысы талқыға түсті.
Тұрғын үй туралы қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тәжібай Егетаев есеп берді. Оның айтуынша, Шымкент қаласының құрылыс бөлімі 2016 жылы 60 нысан салып, 15 нысанды пайдалануға тапсырған.
2017 жылы бюджеттен 13,5 млрд теңге қарастырылып, 24 үй салынуда. Оның 11-і (558 пәтер) «Тұрғын үй құрылысы-жинақ банкі» арқылы жүзеге асады деп жоспарланған. Ал 1600 пəтерді құрайтын 13 үй коммуналды (арендалық) баспана бағдарламасымен пайдалануға берілетін болады. Бұған қоса «Shymkent city» шағынауданында 9 қабатты 5 үйді (пәтер саны — 270) салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Бұл жиында кезекте тұрған азаматтарға пәтер беру мəселесі де қаралды. Ғабидолла Әбдірахымов баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Қала басшысы құрылысы жүріп жатқан үйлердің сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құруды және «Шаңырақ» бағдарламасына ерекше көңіл бөлуге нұсқау берді.
Жиында, сондай-ақ, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізу жұмыстарының барысын ортаға түсті. 2016 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 6,5 млрд теңгеге Шымкент қаласы бойынша 12 инженерлік жүйенің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде 3 нысан пайдалануға берілді. Тәжібай Дүйсенұлының айтуынша, 2017 жылы 9 нысанның құрылысына 5,4 млрд теңге қаралды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі