Шымкентте ауыл шаруашылығы тауарларының ірі жәрмеңкесі өтті

375
Шымкентте ауыл шаруашылығы тауарларының ірі жәрмеңкесі өтті

Бүгін Шымкентке Оңтүстіктің барлық аудандарынан шаруалар мен диқандар жиналды. Жер емген ағайын құр қол келмей, өз өнімдерін ала келді. Шаһарымызды әз Наурыз мерекесі қарсаңындағы ірі жәрмеңке өтті. Оған сатып алушылар да мол жиналған.

Қажымұқан стадионы аумағындағы дәстүрлі жәрмеңкеге аудандардан өз өнімдерін қалалықтарға жеткізген шаруалар қатар-қатар жайғасқан. Әсіресе, ет өнімдері мол. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарламаның көмегімен ауыл ағайындары бордақылау алаңдарын ашып, өңір жұртшылығын ет және ет өнімдерімен қамтуда. Бағасы да қол жетімді.

Жәрмеңкеде ауылдың иісі аңқып тұр. Шағын шаруашылықта және үйде қолдан ашытылған айран, құрт пен ірімшіктің сан түрі бар. Қалалықтарға ұнайтын, экологиялық таза өнімге сұраныс әрқашан болады дейді шаруалар. Ал шардаралықтар бұл жәрмеңкеге балықтарын ала келіпті. Сарыағаштықтар болса көкөнісімен қуантуда.

Айта кететін жайт, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі жәрмеңкеге өңіріміздің тауар өндірушілері жалпы құны 97 млн теңгені құрайтын 160 тонна өнімді сатылымға шығарыпты. Оның ішінде ет пен ет өнімдері – 61 тонна, көкөніс – 50 тонна, сүт өнімдері – 8 тонна, балық 5 тонна. Бұл өнімдер нарықтан 10-15 пайызға дейін арзан бағада сатылуда. Жәрмеңкеде жылыжайдан жеткізілген көкөніс те сатылуда. Қиярдың бағасы 400-550 теңге аралығында болса, қызанақтың келісі – 580-650 теңге аралығында. Байқағанымыз, ұзын-сонар кезек жергілікті өнімдердің алдында басымырақ. Ендеше, Наурыз мейрамына жайған дастарханымызда отандық тауарларымыз мол болсын!