Қымбат жәрмеңке…

415
Шымкентте ауыл шаруашылығы тауарларының ірі жәрмеңкесі өтті

Шымкенттіктер әр сенбіде өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін асыға күтеді. Қымбатшылық қыспаққа алған шақта жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері тиын үнемдеуге тырысатын тұтынушыға жақсы қолдау. Алайда қымбатшылық енді осы жәрмеңкеге де ауыз салған секілді. Нақты айтқанда, қалалықтар мұнда бақылау болмаған соң ет сататындар бағаны 100-200 теңге қымбат сатуда деп наразылықтарын білдіруде.

Қажымұқан стадионы аумағында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі шаруалар үшін жақсы қолдау. Бордақы малын сату мүмкіндігін олар жіберіп алмауға тырысып, қала тұрғындарына ірі және ұсақ мал етін ұсынуда. Алайда бағаларға келсек, шаруа қожалықтары шығындарын өтеу мақсатында белгіленген бағадан біршама жоғары сатуды әдетке айналдырғанын қалалықтар соңғы кезде жиі айтуда. Төмен баға тек тексеру және түсірілім болғанда ғана дейді олар.

Жәрмеңкені ұйымдастырудың да мақсаты – Оңтүстікте өндірілген өнім арзан бағада сатылуы шарт. Ал мына қатардағы өнімдердің басым бөлігі қаланың іргесіндегі көтерме сауда орындарынан жеткізілген. Алыпсатарлар қарық болуда. Картоптың бір келісі 180 теңгеге бір-ақ жеткен. Биылғы өнім әлі пайда болмағандықтан, былтырғы павлодарлық және жамбылдық картопқа сұраныс жоғары. Қымбат болса да амалы жоқтан азаматтар сатып алуға мәжбүр.

Қымбатшылық дендеген кезеңде тұрмыс тауқыметінің азабын көріп отырған әлеуметке билік бірінші кезекте жәрдем жасауы қажет дейді қалалықтар. Облыс әкімдігі тарапынан құрылған тұрақтандыру қорының көмегі бұған дейінгі жылдары әжептеуір қолдау болған еді, биыл жұмысына көңіліміз толмайды дейді шымкенттіктер.

Тұрақтандыру қоры бекіткен азық-түлік қорын қамтамассыз ету міндеті «Шымкент» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген. Жауаптылар жұмысты өз деңгейінде жүргізе алмағаны өкінішті-ақ дейді тұрғындар. Олардың аманатын тұрақтандыру қорына басшылық жасаған облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамаловқа жеткізуге уәде бердік. Тек нәтиже шықса болғаны.