Шымкенттіктер ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алды

1995 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Ішкі әскерінің құрама ротасы Тәжікстанның Пшихавр шатқалында моджахедтер тарапынан шабуылға ұшырады. Жаудың күші басым болған ұрыста қазақстандық 17 әскери қызметші оққа ұшты. Қаза болғандардың қатарында шымкенттік сарбаз да бар еді. Үшінші мегаполис тұрғындары мен сарбаздары ерлікпен қаза тапқандарды еске алып, рухына тағзым етті.

29 жыл бұрын 7 сәуір тәжік-ауған шекарасында қазақстандық 17 жауынгер қаза тапты. Шабуыл жасаған содырларға қарсы тұрып, ерлік көрсеткен ерлердің есімі ұмытылмақ емес. 7-сәуір күні Шымкенттегі Құқықтық тәртіп әскері, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мамандары мен ардагерлер мерт болған сарбаздарды еске алды.

Ернар Әшірбеков, 6506 әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары:
«Боздақтарды жыл сайын ҚР Ішкі әскерлері, қазіргі Ұлттық Ұлан әскерлері барлық әскери бөлімдерде еске алады. Барлық жерде осындай Обелиск-ескерткіш орнатылған ол жігіттерге. Ерлік күні, Тағзым күні -7 сәуір болып белгіленді. 17 жауынгеріміз қаза тапқан. Маджахидтердің саны көп болған. Пшихавр деген шатқалда болған қақтығыс».

Антына адал болған жауынгерлердің құрметіне 7 сәуір – Ерлік күні ретінде бекітілді. Абай саябағында батырларды еске алуға жиналғандар ерлікпен қаза тапқан жандардың рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.

«Біздің басты мақсатымыз-елдің тыныштығын қорғаған сарбаздардың есімдерін есте сақтау», – дейді Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар мен мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әділхан Нұрсейітов, Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар мен мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Өткізіліп жатқан іс-шара 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында Пшихавр шатқалында ерлікпен қаза тапқан 17 сарбазды еске алу күні. Олардың ерлігі ешқашан өшпейді».

Айта кетейік, Тәуелсіздік алған жылдан кейін халықаралық келісімге сәйкес, Ішкі әскердің әскери қызметшілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. 1995 жылғы 7 сәуір күні Пшихавр шатқалында жүк күзетіп келе жатқан қазақстандық көліктер легіне Ауғанстан жағынан моджахедтер шабуыл жасаған. Ұрыс кезінде Ішкі әскердің, нақтырақ айтқанда қазіргі Ұлттық ұланның 17 жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33 әскери қызметші жарақат алған.