ОҚО әкімі жас кәсіпкерлермен кездесті

316
ОҚО әкімі жас кәсіпкерлермен кездесті

Шымкент қаласындағы Риксос Хадиша қонақ үйінде жас кәсіпкерлер клубының алғашқы отырысы өтті. Жас бизнесмендермен болған кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, клубтың ашылуы жас кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын іске асырудағы мүмкіндіктерін кеңейте түсетінін атап өтті.

ОҚО әкімі жас кәсіпкерлермен кездесті

– Облыс экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әр азамат мұндай жұмыстарды шағын істерден бастауы қажет. Мәселен, үй алдындағы бақшаңызды көркейтіп, дамытуға болады. Қуантарлығы сол, өңірімізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Ендігі қадам, осынау кәсіп иелері бірігіп, жұмыс істемей тұрған ескі зауыттарды қалпына келтіріп, сол жерде бизнесті одан ары қарай дамыту болмақ. Сонымен қатар, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізу, тұрғындардың әл ауқаты мен тұрмыс жағдайын соған сай көтеру сіздер секілді жастардың қолында. Елбасы шағын және орта кәсіптің дамуына көптеген мүмкіндіктер мен жағдайлар жасап отыр. Соны дұрыс пайдалана біліңіздер, – деді әкім.

Әкім алдағы уақытта жас кәсіпкерлерді шет елдерге тәжірибе алмасу мақсатында іссапармен жіберу қажеттігін де айтты. Отырысты жүргізіп отырған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров клубтың еркін тақырыпта бизнес-диалог орнатып, тиімді жағдайлар жасау мақсатында құрылғанын атап өтті.

ОҚО әкімі жас кәсіпкерлермен кездесті

Өңіріміздегі отызға жуық жас кәсіпкерлердің қатысуымен өткен басқосуда бизнестің дамуы туралы пікір алмасып, креативті идеялар мен ұсыныстар айтылды. Мәселен, қатысушының бірі мемлекеттік мекемелер өздеріне қажетті затты тендер арқылы алатын кезде жергілікті жерде шығып жатқан өнімдерге басымдық беруін және сол өнімдердің түр-түсі сипатталған реестр жасақталса деген ұсынысын айтса, енді бірі мемлекет басшысының аргоөнеркәсіп саласында шағын фермерлерді бір кооперативке біріктіру тапсырмасы зор мүмкіндік екенін айтты. Осы кооперативке бірігу арқылы кәсібін дамыту үшін төменгі пайызбен несие алуға қол жеткізіп отырғандарын жеткізді.

Сонымен қатар клуб отырысына бизнестері жемісті дамып, іскер атанған азаматтар қатысып, жас әріптестеріне оны дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Бүгінде жас кәсіпкерлер клубының құрамында 40 жасқа дейінгі 30 жас кәсіпкер бар. Кәсібін ашамын деген әр азаматқа ай сайын ұйымдастырылатын клуб отырысының есігі әрдайым ашық дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Оңтүстік Қазақстанда бүгінде 173 362 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істесе, оның 14 618-і шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі