Оңтүстіктегі тұрақтандыру қорында миллиондаған теңгенің тауары жетіспейді

226
Оңтүстіктегі тұрақтандыру қорында миллиондаған теңгенің тауары жетіспейді

Оңтүстіктегі тұрақтандыру қорында миллиондаған теңгелік тауар жетіспейді. Қоймада тексеру жүргізілгенде сонда жиналған азық-түліктің кемігені анықталды дейді прокурорлар. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, нақты айтқанда 164 млн теңгенің өнімі табылмаған. Қазір бұл іспен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі айналысуда.

Тұрақтандыру қорындағы азық-түліктің жетіспеушілігі туралы алғаш рет «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылығы ауысқан соң айтыла бастады. Тұрақтандыру қоры осы корпорацияның құрамына кіретін. Осыған орай ұлттық компанияның жаңа басшысы мен облыстық әкімдік тауарларды тексеріп, кемшілікті анықтайды. Әзірге қоймадан қанша өнім кемігені белгісіз. Дегенмен, материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне тапсырылды.

Маратбек Мырзамуратов, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары: «Мұндай фактілер болғанын тексеру жасаған орган өкілдері анықтады. Әзірге қандай да бір талан-тараж туралы нақты айту ертерек. Соттың үкімі жоқ, кінә дәлелденбеді. Себебі, келісім-шарттар бар, тауар бостан-бос жоғалып кетпеген.»

Облыстық прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, «Оңтүстік» азық-түлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты мамандары 2015 жылдың қазан айынан 2017 жылдың қаңтар айына дейін 164 млн 810 мың 85 теңгенің тауарын талан-таражға ұшыратқан. Ал 21 ақпан күні екі компанияның бұрынғы басшыларының үстінен қылмысты іс қозғалды.

«Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ мен «Оңтүстік» азық-түлік компаниясы» ЖШС жетекшілері мен жауапты қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасы қылмысты кодекстінің 189-бабының 4-тармағы, 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу-тексеру басталды. Шымкент қалалық Әл Фараби аудандық соты «Оңтүстік» азық-түлік компаниясы» ЖШС бас директоры О.Бахтыбаевты қамауға алу туралы санкция берді.

Айта кетейік, Оңтүстікте 840 млн теңгеге әлеуметтік маңызды азық-түлік сатып алынған. Тұрақты қордағы бұл өнім базардағы баға қымбаттай бастағанда сатылады. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік қорының өкілдері қойманы таяуда тағы да толтыра бастаймыз деп отыр.