Түркістанда әлеуметтік дүкендердің саны жылдың соңына дейін 15-ке жеткізіледі

194

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бағытында  да жұмыс атқаруда.

Облыс орталығында бүгінде 12 әлеуметтік дүкен жұмыс жасайды. Онда үкімет бекіткен 19 маңызы бар азық-түлік өнімдері арзан бағамен сатылады. Жылдың соңына дейін олардың қатары тағы 3 дүкенмен толықпақ.

Түркістандық Майра Оймауытова азық-түлікті өзі тұратын «Отырар» шағынаудандағы әлеуметтік дүкеннен алады. Осыдан бес жыл бұрын қоныстанғанда жалғызбасты әйел «нанға бола қала орталығына баратын едік. Бұрын сандалатын едік, базарға жүгіретін едік. Енді міне дүкен қасымызда, барлығы бар, картоп, сәбіз, нан, макарон өнімдері бар» дейді.

Әлеуметтік дүкендегі өнімдердің бағасы нарықтағы бағадан арзан. Мәселен, бөлке нан -78 теңгеден, құмшекердің келісі – 205 теңге, 1 сұрып ұнның келісі – 130, күріштің келісі – 236 теңгеден босатылады. Әлеуметтік корпорациядағы жауапты мамандар бағаны тұрақтандыру екі әдіспен жүзеге асатынын айтады.

Кәсіпкерлерге жеңілдетілген займ бір жылға беріледі. Оның үстеме пайызы 0,1 пайыз.

Ердәулет Лаханов, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қоры департаментінің бас менеджері: «Бірінші интервенция арқылы, екіншісі кәсіпкерлерге жеңілдетілген займ беру арқылы. Бір жылға 0.1 пайызбен».

Бүгінде 133 млн. теңгені құрайтын 6 мыңнан астам тонна азық – түлік қоры жасалған. Жыл басынан 120 млн. теңгенің 832 тонна өнімі сатылыпты. Айта кететін жәйт, арзан бағадағы азық-түлік тауарлары Түркістан қаласы аумағындағы 12 әлеуметтік дүкеннен бөлек, шаһар аумағындағы елдімекендерге жеткізіліп, саудаланған. Қордағы өнімдер жаңаланып тұрады. Өйткені, өнімді жеткізу бойынша тауар өндірушілерімен алдын ала келісімшарттар түзілген.

Шынар Оразова