Оңтүстіктің жұмыс күшін еліміздің 4 облысы қабылдауға дайын

309
Оңтүстіктің жұмыс күшін еліміздің 4 облысы қабылдауға дайын

Шымкентте өңір аралық еңбек ұтқырлығын дамытудың бизнес-форумы өтті. Жиынға Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, ОҚО қалалары мен аудандарының әкімдері, жоғарыда келтірілген өңірлердегі жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, жұмыс берушілер және тағы басқа да тараптар қатысты.

Оңтүстіктің жұмыс күшін еліміздің 4 облысы қабылдауға дайын

 

Форум жұмысын ашқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңір халқының тығыздығына орай мұнда жыл сайын ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік сынды маңызды салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың жайына тоқталды. Жыл соңына дейін күнгейден теріскейге 400 мың тоннаға жуық бақша, 250 мың тонна көкөніс, 15 мың тонна жеміс-жидек, 15 мың тонна жүзім жөнелтуге мүмкіндіктің бар екенін, сәйкесінше, ол жақтан бидай, картоп, мал азықтық жем өнімдерді алмастырып, өңіраралық кооперативтер жүйесін қалыптастыру жолдарына мән беру қажеттігін жеткізді.

– Бүгінде Оңтүстіктің бақша өнімдері онсыз да мыңдаған шақырымға тасымалданып, Ресейге өткізіліп жатыр. Ал сол көкөністі өсіруді солтүстік өңірлерде жолға қойып, шекара асыру әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын. Сонымен қатар шаруалар солтүстіктен оңтүстікке жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін де молынан дайындап, осында жіберуіне мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде еліміздегі азық-түлік нарығын реттеуге оңды ықпал ететіні сөзсіз, – деді әкім.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Елбасы халықты жұмыспен қамту саласында жаңа жұмыс орындарын құруды басым бағыт ретінде айқындағанын атап өтіп, биыл Қазақстанда 630 мыңнан астам жұмыс орны құрылатынын жеткізді. Бұл ретте министр биылғы 1 қаңтардан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғанын еске салып, оның әрбір бағыты бойынша толыққанды түсіндіріп берді.

– Бұдан түсінетініміз, баршамыз еңбек нарығын тиімді реттеу жолында қай өңірлерде, қандай салалар мен бағыттарда қандай жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігін нақты білуіміз керек. Біздің министрлік орталық мемлекеттік органдармен және өңірлермен бірлесіп, мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларда, жаңа заңды тұлғалар тұрғысында, еңбек ресурстарының өзіндік орын ауыстыруы жөнінде (зейнетке шығу, сәби босануға байланысты демалыс және өзге де) құрылатын жұмыс орындарына қатысты мақсатты индикаторларды анықтады. Сонымен қатар облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерімен бірлесіп, тиісті меморандумдарға қол қойдық. Жалпы, елімізде мемлекет көмегіне жүгінетін жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуда кәдеге жарайтын қор ретінде 630 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр, – деді Тамара Дүйсенова.

– Өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының қозғалысына ерекше көңіл бөлудеміз. Осы аптада республикамызда алғашқылардың бірі болып Оңтүстік Қазақстан облысы 4 өңірден жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысудың және осылайша өз мамандығы бойынша таңдау жасаудың тамаша мүмкіндігін жасады. Бұл арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында қазақстандықтарға сұранысқа ие кәсіпке тегін оқып қана қоймай, жаңадан ашылатын жұмыс орнына, жұмыс берушідегі бос орынға орналасуды немесе жеке іс ашуды таңдауды қамтамасыз етеміз. Облыстар арасында да еңбекке жұмылуды арттырудан тыс, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, көлік-логистика, сауда және қызмет көрсету салаларында жобаларды бірлесе іске асыру бағытында тығыз қарым-қатынас орнатқан жөн. Сондықтан осы бизнес-форумды өткізу жайлы бастама көтердік. Үш күндік іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығына алғысымды білдірімен, – деп түйді министр.

Министр ерікті көші-қонды ынталандыру мақсатында ел үкіметі оралмандарды қосқанда қоныс аударушыларды қабылдауда 7 өңірді (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан) және көштің қайнар көзі ретіндегі 4 өңірді (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облысы) белгілегенін еске салды.

Аталмыш өңірлерден шығатын еңбек мигранттарына көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінбек. Барлық бағдарламаларға сай берілетін жәрдем қаржының жиынтық көлемі 18 млн теңгеге дейін ұлғайтылып отыр. Несие 6 пайызбен берілетін болады.

Форумда сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев биыл 300 отбасын қабылдауға дайын екендерін жеткізді. Ол үшін 600 баспана, 1 мыңға жуық жұмыс орны мен 35 мың гектар егістік жер әзірленіп жатыр дейді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асем Нусупованың айтуынша, көшіп келетін 150 отбасыға Рейдер және Шемонайха аудандарында тұрғын үй берілетін болады. Жалпы бүгінде шығыс өңірінде бос жұмыс орны 2 мың 105-ке жетіп отыр екен. Биыл, сондай-ақ, Қостанай облысы оңтүстіктен қоныс аударатын 30 отбасыны қабылдауға ниет білдіріп отыр. Ал Павлодар облысы қоныс аударуға ниетті 100 отбасы үшін 473 бос жұмыс орнын ұсынбақ.

Оңтүстіктің жұмыс күшін еліміздің 4 облысы қабылдауға дайын

Жиын соңында еңбек ресурстарына сұранысты қанағаттандыру мен еңбек нарығының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Айта кету керек, мұндай бизнес-форумдарды алдағы уақытта Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында өткізу ұйғарылып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі