Шымкентте адам саудасының құрбандарына арналған орын ашылады

483
Шымкентте адам саудасының құрбандарына арналған орын ашылады

Бүгінде құлдыққа түсіп, адам саудасының құрбанына айналып жатқан жандар жоқ емес. Бұл – ащы ақиқат. Құлдықтан қашып шыққанымен, сол құрбандардың басым бөлігінің барар жері жоқ. Осындай тағдыр теперішіне ұшыраған жандар үшін Оңтүстіктегі «Сана-сезім» әйелдер бастамалық-құқықтық орталығының жанынан уақытша паналайтын орын ашылмақ.

Соңғы уақытта адам құқығын таптаудағы ең өзекті мәселе осы адам саудасы болып отыр. Өкінішке қарай бүгінде аталған мәселе өңірімізде орын алып жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Былтыр 38 адам «Сана сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығының көмегіне жүгінген. Ал жыл басынан бері 132 қоңырау түсіпті. Бүгінде сол зардап шеккендердің 11-і аталған орталықта қоныстануға дайын отыр. Олардың барлығы да психологиялық, заңдық негізде көмек алатын болады. Арнайы әлеуметтік мамандар бекітілген.

Раушан Құдайшүкірова, адам саудасы құрбандарына көмек көрсету үйінің директоры: «Мұнда толық жағдай қарастырылған. Тұруы, тамағы, жатын орын бәрі тегін. 10 адамға арналған. Ауыр жағдайға душар болғандармен психолог, заңгер, медицина мамандары жұмыс істейді. Құжаттарын ретке келтіру де оңай емес. Ал кәмелетке толмағандарды мектепке орналастыру үшін білім бөлімдерімен бірлесіп жұмыс істейміз.»

Бұл орталықта әлеуметтік бейімдеу көмегі көрсетіледі. Аталған үйдің мекенжайы айтылмайды. Өйткені құлдықта болғандардың қауіпсіздігі үшін қажет. Зардап шегушілер ол жерде 6 ай бола алады. Бағалау қағазы толтырылады. Ал қылмысты іс қозғалған жағдайда 9 айға дейін тұра алады.

Хадиша Абишева, «Сана-сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығының басшысы: «Басқа мамандықты меңгеріп шығуы үшін қайта оқытамыз. Кейін жұмысқа тұруы үшін қажет. Мұнда келетіндердің мүлде құжаттары жоқтары да болады. Балаға құжат жасауы үшін анасының құжаты болуы керек. Құжатын түгендеу үшін барлық құзырлы органдармен бірлесе жұмыс істейміз.»

Адам саудасы құрбандарына көмек көрсету үйінің шығыны мемлекет тарапынан төленеді. Дегенмен, ол қаржы көмекке мұқтаждардың кәдімгі өмір сүруіне керек көптеген қажеттіліктерін өтеуге жете бермейді дейді қоғамдық бірлестік өкілдері. Сонда да болса «Сана-сезім» орталығының өкілдері қол қусырып отырмай, адам саудасының құрбандарына барынша көмек көрсетеміз дейді.

«Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің мекенжайы: Шымкент қаласы, Перов көшесі, 19. Телефоны: 8 (7252) 551-300, 551-200

Гүлжан Көшерова