Шымкентте бір түнде 4 адам пышақ жарақатын алды

633

Шымкентте бір түнде төрт бірдей адам жедел жәрдем ауруханасына түсті. Олар пышақ жарақатын алған. Жағдайы ауыр екі науқасқа дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, әрең дегенде өмірін аман сақтап қалды. Пышақталғандардың бірі 18 жасар бозабала болса, екіншісі – 50 жастағы егде кісі.

Дәрігерлер 18 жасар жігіттің отадан кейінгі жағдайын бақылауда. Бұл бозбаланы кеше түнде үйінің ауласында белгісіз біреу пышақтап кеткен. Жарақаттың ауыр болғаны соншалықты, ішіне кірген пышақ жігіттің бауырын да зақымдаған. Дәрігерлер оған ота жасап, пышақтан тілінген жерлерді қайта тігіп берді. Ал жас жігіттің өзі бұл жағдайды жазатайым болды дейді.

Жалпы, 27 сәуірдің түнінде жедел жәрдем ауруханасына дене жарақатын алған үш азамат түскен. Оның біреуінің жағдайы ауыр болғандықтан, шұғыл түрде операция жасалған. Жарақаттанған 50 жастағы ер кісі оқыс жағдайдың өз үйінде болғанын айтқан. Бірақ, оған кім пышақ сұққанын айтудан бас тартып отыр. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.

Сәбит Байбосынов, бөлім меңгерушісі: «Бұл кісінің жарақаты іш қуысына енген. Оның ішінде бауырды тесіп өткен және өт қабықшығын тесіп өткен. Бұған қоса ішектің алдыңғы қапшығы тесілген. Жедел түрде ота жасалды. Отадан кейінгі жағдайы орташа ауыр».