Шымкентте субұрқақтар маусымы ашылды

605
Электрониканың арнайы жүйесімен басқарылатын әуезді фонтандардағы тоқ кернеулігі жоғары. Мұндай субұрқаққа жақындағанда абай болыңыздар.

Шымкентте субұрқақтар маусымы ашылды. Алғашқылардың бір болып, қаланың қақ ортасында орналасқан Қызғалдақ бұрқағы су шашты. Қазір қалада 7 фонтан іске қосылған.

Салаға жауаптылар қалған 16 субұрқағын іске қосу үшін дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтады. Ал қала жұртшылығы күн райының жылуына қарсы салқын леп сыйлайтын су көздерінің күннен-күнге көбейіп келе жатқанына рән риза.

Шымқаладағы 23 фонтан мен 31 ұңғыманы күтіп-ұстауға биыл 11 млн теңге қаралып отыр. Айта кетейік, қаланың орталық бөлігінде ұзын-саны 23 фонтан бар. Дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқанына сендірген билік өкілдері бірер күнде субұрқақтың барлығы жаппай іске қосылады деп сендіреді. Бұл жұмыстар 1 мамыр күні қарсаңында аяқталады деген жоспар бар.