Шымкенттің басты көшелерінде жөндеу жұмыстары басталды

214
Мердігер:

Шымкенттің басты көшелерінде жөндеу жұмыстары басталды. Жол салушылар құрылыс барысында асфальты шашылып, ойдым-ойдым болған жол бөліктерін тазартып, қайта қалпына келтірмек. Әзірге жөндеу жұмыстары Республика даңғылы, Гагарин көшесі және Темірлан тасжолында басталған.

Темірлан тасжолында кептеліс. Өйткені күре жолдағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды. Тендерді ұтып алған сарыағаштық компания құрылысты қала әкімдігі тарапынан берілген кестеге сәйкес жүргізудеміз дейді. Осыған орай мердігерлер қаланың негізгі көшелерінің бірінде көлік қозғалысына кедергі жасағандары үшін жүргізушілерден кешірім сұрап отыр. Дегенмен, қыстан кейін шашылған асфальт жолдарды реттеу қажет деп түсіндіреді жол жөндеушілер.

Ділшад Әбдешов, құрылыс компаниясының өкілі: «Қазір Гагарин көшесінде де жұмысты бастадық. Бекжан базарының алдында және Колос аялдамасында жұмыс жүргізудеміз.»

Қыстан кейін ойдым-ойдым болған жолдарды жөндеу қазан айына дейін жалғаспақ. Құрылысшылар жөндеу жұмыстарын сапалы жүргіземіз деп кезекті рет уәдесін үйіп-төгуде. Ал Темірлан тасжолында құрылыс жүргізілгеніне көп уақыт өтпегеніне куә жүргізушілер құрылысты қабылдайтын және қадағалайтын мекеме болмаса бәрі бекер дейді.

Көлік жүргізушілері бұған қоса қаладағы аялдама маңайындағы ойылған жолдарға назар аударылса деген тілектерін де жеткізді. Әсіресе Байтұрсынов көшесіндегі Әлімбетов аялдамасындағы шұңқырлар көлікке ғана емес, жолаушылардың да өміріне қауіп төндіруде дейді қоғамдық көліктің жүргізушілері. Жалпы, жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджет қаржысының игерілуін түрлі дейгейдегі депутаттар бақылауға алса. Сонда ғана нәтиже болар еді дейді шымкенттіктер.