Шымкенттік балалар астаналық өнерпаздардың таңдайын қақтырды

Шымкенттік балалар астаналық өнерпаздардың таңдайын қақтырды

Жыл сайын өткізілетін «Жұлдыз-ай» балалар шығармашылық фестивалі биыл 12-рет ұйымдастырылып отыр. Бұл өнер додасында Қазақстан аумағынан 5000-нан астам бүлдіршін өнер көрсетеді. Күні кеше ғана Шымкентте өткен фестиваль қолөнер бұйымдарының көрмесінен бастау алды.

Асқан шеберлік, биік талғамды танытып тұрған фестиваль көрмесіндегі бұйымдар бүлдіршіндердің қолынан шыққан. Көпке тән емес ықтияттылық пен төзімді керек ететін өнерге ден қойған балалар шебер дүниелерді сабақтан тыс уақытта жасайды. Арасында қолөнершілерді баптап келетін Сайрам мектебі ерекше балаларға арналған фестифальдің тұрақты қатысушысына айналған. Атаулы мектеп шәкірттері бүгін танго және үнді биін де әзірлеп әкелген.

Шымкенттік балалар астаналық өнерпаздардың таңдайын қақтырды

 

 

Өмірге деген асқан құштарлықпен ән салып тұрған балақайларды көріп, күйкі тірлікті бір еріксіз ұмытасың. Бұл балғындар қолданбалы өнермен қатар орындаушылық шеберлігімен де додаға түсуде. Солардың бірі Аман сыныптастарымен бірге Шымкент қосалқы мектебінің намысын қорғайды. Ол өнер мен спортты қатар алып жүр. Арманы – ел намысын қорғайтын футболшы болу. Өзінің айтуынша, сайысқа екі апта дайындалыпты.

Елге кеңінен танылған «Сәт» триосының жұлдызы «Жұлдыз-айда» жанған еді. Олар – қаламыздағы «Үміт» мектеп-интернатының түлектері. 2016 жылы өткен байқауда бұл мектептен «Самғау» дуэті қатысып, бас жүлдеге ие болған екен. Ал биыл Сымбат және Досымжан есімді балақайлардан құралған дуэт әннен шашу шашты.

Ел аралап, бүгін Шымкентке табан тіреген қазылар алқасы Шымкенттік балалардың өнеріне ерекше сүйсінгендерін жасырмады. Алдағы уақытта олар 16 қаланы түгел аралап шығып, республикалық сайысқа 300 баланы таңдап алады. Топ жарған үздіктер келер айда анықталмақ. Ал әзірге біз тақым қысып, кішкентай күнгейлік қаһармандарға сәттілік тілейміз!