25 мамыр күнгі қауіпсіздік мәселесі қала әкімдігінде өткен жиналыста басты тақырыптың бірі болды. Қауіпсіздік шараларын күшейтіп, ата-аналарға да, мектеп түлектеріне де түсіндіру — Шымкент әкімі қол астындағы қызметкерлерге осындай тапсырма берді.
Ғабидолла Әбдірахымов барлық сынып оқушыларына бір сәттік қуаныш өмір мен денсаулықтан артық емес екенін түсіндіруді тапсырды. Ал түсінікті бола түсуі үшин мектеп бітіру кешінен кейін көлік кортежімен қыдыруға тыйым салды.
— Біздің көшелерде 25 мамыр күні кортеждер болмауы тиіс. Мұны менің тапсырмам деп қабылдай аласыздар,- деді әкім полиция қызметкерлеріне. Бұған қоса, түнгі уақытта қаладағы барлық кафелер мен мейрамханаларды тексеру үшін рейд өткізуді тапсырды.
— Ешқандай банкетке рұқсат жоқ. Бұл күн — жәй ғана соңғы қоңырау. Оны тойларға айналдырып, қазіргідей, мейрамханаларда өткізудің қажеті жоқ. Мен мәселені қадағалауды білім бөліміне тапсырамын. Мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарымен жиналыс өткізіңіздер,-деп қосты Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Қала әкімі бұған қоса құқық қорғаушыларға 25 мамыр күні күшейтілген тәртіпте кезекшілік етуді тапсырды.