Шымкентте жөндеу жұмыстарына байланысты жарық жиі сөнуде

313
Шымкентте жөндеу жұмыстарына байланысты жарық жиі сөнуде

Шымкенттегі Лихачев көшесінің тұрғындары коммуналды қызметшілерге наразылық білдіріп отыр. Халық 3 айдан бері жалпылдап жиі сөнетін жарыққа разы емес. Айтуларынша бұл көшеде таңсәріден кеш қарайғанша электр жарығы жанбайды екен. Ал жауаптылар жөндеу жұмыстарына сілтейді.

Таңғы сағат 9-да сөнген жарық Лихачев көшесіне кешкі сағат 19-да беріледі екен. Бұл үрдіс үш айдан бері кестеге айналыпты. Одан қалса «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің қызметкерлері пайдаланбаған электр энергиясына ақша сұрауды әдетке айналдырған дейді халық. Электр есептегіштегі көрсеткішті бір адам алса, түбіртекті екіншісі әкеледі деген тұрғындар ашуланып отыр.

«Бір айда үйімізге үш контролер келеді. Бірі көрсеткіш алса, бірі түбіртек таратады, ал енді бірі ақша төлеген-төлемегеніңді бақылап, басында ауыртады. Одан да жарықты жиі сөндірмеуді ойластыру керек қой?!»

Әл Фараби аудандық жарық таратушы мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл келеңсіздік — уақытша құбылыс. Бағана мен жүйелерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын күндері аяқталады деп сендірді.

Талғат Тәшімов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС өкілі: «Әрине, біз уақытша келеңсіздік үшін кешірім сұраймыз. Бірақ, тұрғындарға түсіндіргенбіз — қалада жаңғырту бағдарламасы жүріп жатыр. Оған қыруар қаражат бөлінген. Сапалы жүйеден жарық алу тұрғындардың өздеріне тиімді емес пе?»

Осылайша тұрғындардан кешірім сұрап тұрған маман бір айдан кейін жарықтың сөнуі жалғасатынын да жасырмады. Ендігі кезектегі жұмыс — жаңарған жүйеден әр тұтынушыға желі тартылады екен.

Нұрлан Күдерұлы