Ж.Түймебаев: Егемен еліміз бүгінде берекелі бірліктің мерейлі мекеніне айналды

524


Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев облысымызға жасаған жұмыс сапары аясында «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі мен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, берекелі бірлігімізді баянды ету бағытындағы байыпты жұмыстарды мақсатты жалғастыруды тапсырды.

Халқымызда «Бақ қайда барасың − ынтымаққа барамын» деген дана сөз бар. Бәріміздің басты арманымыз − берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру. Осы мақсатымыздың ойдағыдай жүзеге асуы ең алдымен әрбіріміздің қажырлы еңбегіміз бен еліміздегі ішкі саяси тұрақтылыққа, пайымды парасатымызға байланысты.

Егемен еліміз бүгінде берекелі бірліктің мерейлі мекеніне айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының шаңырағына топтасқан түрлі ұлт өкілдері елдігімізді танытар игі бастамалардың барлығына белсенді атсалысуда. Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық келісімге негізделген үйлесімді саясатын әлемдік қауымдастық жоғары бағалауда.

Елбасы: «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», − деді. Біз басты байлығымыз – қоғамдағы келісім мен татулықты сақтау ісіне атсалысуға міндеттіміз. Оңтүстік өңірі бұл істе де өзгелерге өнеге болуы тиіс.

Құрметті жерлестер!

Көне тарих беттерінің қайсысын парақтасақ та халқымыздың асыл армандарының көш басында ең алдымен бірлік пен татулық тұрады. Ендеше, Қазақстан халқының бірлігі мерекесі барша қазақстандықтардың ынтымағын жарастырып, ырысын арттырсын. Баршаңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!

Құрметпен,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев