Жарымжан жандар үшін «Жеңіске бірге!» жобасы жүзеге аспақ

753

«Жеңіске бірге!» Күнгейде осындай тақырыптағы игі жоба қолға алынды. Дәлірегі – мүмкіндігі шектеулі азаматтар бейбіт күн, Ел мен жерге деген құрметін он саусағының құдыретімен жеткізіп, қолөнер бұйымдарын көрме-жәрмеңкеге ұсынды. Сатылымға қойылған дүниелерден түскен теңге өздеріне емес, өзге де көмекке мұқтаж мүгедек жандардың ем-домына жұмсалмақ.

Салтанат Есбосынова

Салтанат Есбосынованың жасы – 31-де. Бойжеткен осыдан 22 жыл бұрын көлік апатынан зардап шегіп, қоларбаға таңылған. 1-топ мүгедегі. Қайғылы жағдайдан соң қоғамнан жасқанған  кейіпкеріміз, үй жағдайында қолөнерге бет бұрады. Қазір бір емес, жүздеген сәндік қолданбалы дүниелердің авторы. Қайырымдылық шараға арнайы бұрылған шебер «Отырар.қаз» сайтының оқырмандары алдында тосылған жоқ, еңбек-туындыларын тұщымды жасаудағы құпиясын ашты.

Салтанат Есбосынова, қолөнер шебері: «Көрмеге келуге өзім келістім. Себебі жарымжан жандарға мейлінше көмектесіп, толыққанды адам болуына үлес қосқым келеді. Осы мақсатта 50 еңбегімді әкеліп, сатылымға қойдым. Әрбір бұйымның бағасы 7 мың теңгеден басталады. Мәселен, моншақтан тізбектелген, әдемі бейне-бедерленген бұйымдарды 2-3 күнде дайындағанмын. Апталап, айлап әзірлейтін кездерім бар. Қиын, бірақ өзіме қызықты. Ал еңбектерімнің сәтті шығуының себебі сол – әрқайсысын аса ұқыптылық және үлкен махаббатпен жасаймын».

Қайырымдылық көрмесі қаламыздағы «Кең баба» саябағында өрбіді. Жәрмеңкеге келіп, қолөнер туындыларымен танысып, сатып алушы тұрғындар да көп болды. Қолөнершілер де өз кезегінде, көпшілік алдында шеберлік-сабақтарын ұсынып, әкелген ерекше еңбектерінің жасалу жолын көрсетті. Ал шарапаты мол шараны ұйымдастырушы тарап – облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, игі жобаға жүздеген шебер қатысуға ниет білдірген.

Ержан Бұрханов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Жеңіске бірге!» атты акция биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың үмітіне қанат бітіру, айығуына үлес қосу. Қазір көрме-жәрмеңкеге қатысқан шеберлердің алдына арнайы жәшік қойылды, сатып алушы келіп, ұнатқан затты алып, тиісті төлемді  сол жәшікке тастайды. Байқап қарасам, жәй ғана қайырымдылық жасап жатқан жерлестеріміз де бар. Әрине, бұл бастама көптеген мүгедектердің жазылуына, сондай-ақ алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың өздігінше кәсіп бастауына, оны дөңгелетуіне де бағдар болуы мүмкін».