Күнгейлік жас күйшілер «Күншуақтан» жеңіспен оралды

520

Күнгейлік жас күйшілер «Күншуақ» өнер фестивалінен жеңіспен оралды. Қаламыздағы №2 саз мектебінің шәкірттері халықаралық сайыста бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарды жүлдесімен құттықтау үшін біз – «Отырар.қаз» сайтының ұжымы жас таланттарды теміржол вокзалынан арнайы күтіп алып, сұхбаттасып қайтқан едік.

«Күншуақ» өнер байқауының жеңімпаздарын теміржол вокзалынан ата-аналары мен мектептің ұжымы марқая күтіп алды. Ал жүлдегер шәкірттердің жүзі бал-бұл жайнап, ерекше күйге бөленген. Cебебі №2 балалар саз мектебінің озат оқушылары бұл жолы аудан емес, халықаралық сайыста бірінші орынды жеңіп келді.

Сүлеймен Өсер, Шымкент қалалық №2 саз мектебінің оқушысы: «Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жеңісті бағындыруымыздың себебі – біз домбыраны шексіз жақсы көреміз. Ал күйдің өзін ерекше сезіммен, қазақтың төл тарихын, бүгінін көз алдымызға елестете отырып тартамыз. Шығарманың мән-мазмұнын тыңдарманға жеткізуге тырысамыз. Осы бір қасиетіміз бізге қай кезде де шабыт сыйлайды. Алдағы арманым – төрткүл дүниеге домбыраның қабілет-қарымын танытып, кеңінен дәріптеу».

Нұррахат Оспанов, Шымкент қалалық №2 саз мектебінің оқушысы: «Сайыстың бірінші кезеңінде «Наурыз», екінші кезеңде «Желтоқсан» атты күйлерді тарттық. Төкпе және шертпе күйлерді ұштастыра шебер ұсына алдық. 2 жылдан бері халық аспабын меңгеріп келемін, сондықтан бағындырар белестер әлі алда деп білемін!»

«Күншуақ» өнер фестивалі Алматы қаласында биыл 13-ші рет қолға алынды. Вокал, хореография және сазды аспап жанры бойынша өрбитін сайысқа тек 6 мен 18 жас аралығындағы таланттар жолдама алған. Екі күнге ұласқан өнер бәсекесіне бұл жолы 600-ге тарта үміткер қатысыпты, ал Оңтүстік өңірінен бір топ жас домбырашыларды жетекшісі Ақмарал Толыбаева бастап барды.

Ақмарал Толыбаева, Шымкент қалалық  №2 балалар саз мектебінің мұғалімі:»Оқу жылының басында, қыркүйек айында мен  қолына домбыра ұстай алмайтын балаларды сазды аспапқа баулимын. Ең алдымен шәкірттің көңіл күйін бағып, мейлінше сырласып, сосын ғана домбыраны тартуды түсіндіремін. Ол домбыраны қолына жақсы көріп, үлкен құрмет-махаббатпен құлшына ұстауы керек. Міне,  менің шәкірт тәрбиелеудегі бар құпиям осы».

Айта өтетін ақпарат, қаламыздағы №2 балалар саз мектебінің домбырашылар сыныбында бүгінде 500-ге тарта шәкірт кәсіби санатта білім алады. Озат оқушылар үшін түрлі байқаулар мен жобалар ұйымдастырылып, жүзеге асып келеді. Ал «Күншуақ» фестивалінде айтулы жеңісті бағындырған балалар үшін алдағы өзге де халықаралық байқаулардың есігі айқара ашылды. Себебі таланттарға жолдама жарыссыз берілетін болады.