Облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары дабыл қағады. Оңтүстікте төрт күн демалыста 4 адам суға кетіп мерт болды. Қайғылы жағдайдың екеуі шомылуға тыйым салынған аймақта болса, тағы екеуі суару каналдарында орын алған. Ең өкініштісі, суға кетіп мерт болғандардың екеуі — кәмелет жасына толмаған балалар.
Нақты айтқанда, Отырар ауданында 5 жасар бала ата анасының қарауынсыз қалып қойған. Соның салдарынан каналдағы суға батып, мерт болды.
Зарипа Тұрысбекова, ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы: «Бұл қайғылы жағдай ата-анасының баланы қараусыз қалдыруынан орын алған. Ересектердің салғырттығынан балалардың суға кету жағдайы биыл көп тіркеліп отыр. Мәселен, жыл басынан бері 11 оқиға қараусыз қалған балалардың суға кетіп, мерт болуымен аяқталған. Өткен демалыс күндері Оңтүстікте төрт адам суға кетіп, мерт болды. Оның екеуі ата-ананың салғырттығынан орын алған жазатайым оқиғалар. Ал қалған екі қайғылы жағдай суға шомылуға болмайтын аймақта орын алған.»
Тағы екі қайғылы жағдай шомылуға тыйым салынған аумақта орын алған. Нақтырақ айтқанда, демалыс күні Шардара су қоймасының жағалауында демалып жүрген азаматша суға шомылмақ болады. Кенет суға кетіп, мерт болды. Жергілікті тұрғындар марқұмның денесін судан өздері алып шыққан. Алдағы күндері өңірде ауа райының ыстық күндері сақталатынын ескерсек, адамдардың көбісі суға түсуге тырысады. Бірақ, шомылудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталмас үшін сақтық шараларын күшейткен жөн. Сондай-ақ, төтеншеліктер, бейімделмеген жерлерде суға түспеңіздер деп ескертеді.