Оңтүстікте астық жинау науқаны қыза түсті

948
Оңтүстікте 470 мың тонна дақыл жиналды

Оңтүстікте астық жинау науқаны қыза түсті. Өнімнің түсімі былтырғымен салыстырғанда аз болса да шаруалар қамбаны қызыл дәнге толтыруға әрекеттеніп жатыр. Қолайлы ауа райында қазығұрттық шаруалар да таңертеңнен қара кешке дейін еңбек етуде.

Комбайншы Жандарбек Қошаев оншақты жылдан бері астық алқабында еңбек етеді. Таң сәріден қас қарайғанға дейін 30-40 гектрады бір өзі еңсереді. Осыған дейін ескі техниканы әупірімдеп жүріп әжетке жаратып келген ол биылғы науқанда заманауи талапқа сай жабдықталған комбайнды тізгінге алыпты.

Жандарбек Қошаев, комбайншы: «Орташа есеппен 150 мың теңге айлық аламыз. Биыл комбайнды қабылдап аламыз, шетелдік комбайн болған соң өнімді тез жинайды.»

Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия аулында қазір ору науқаны қызған шақ. Шаруалар егістіктің қазір 70-80 пайызын орып, қамбаны қызыл дәнге толтыруда. Ору жұмыстарына оншақты комбайн мен осынша жүк көлігі жұмылдырылған.

Дихандар қаржылай қолдаудан да кенде емес. Жанар-жағар май, жұмысшылардың жалақысы, тұқым шаруашылығы сияқты шығындарға қолайлы шартпен несие алған шаруалар берешектерін жыл аяғына дейін толық төлеуі тиіс.

Нәпақасын көктен емес жерден іздеген еңбекқор қауымның қазір шаруасы қауырт. Тамылжыған тамыздың алғашқы онкүндігінде ору науқанын толық аяқтаймыз дейді. Биыл егістік көлемі 176 мың гектарға жетті. Бүгінге дейін 125 мың гектар алқап орылып, 220 мың тонна астық жиналды. Күнгей өнімдеріне Өзбекстан, Пәкістан, Түркменстан елдерінен сұраныс зор.

Мақпал Рысбаева