Шымкенттің шөлмек қақпақтарына Қырғызстан мен Өзбекстаннан сұраныс көп

329
Шымкенттің шөлмек қақпақтарына Қырғызстан мен Өзбекстаннан сұраныс көп

Шымкенттің шөлмек қақпақтарына Қырғызстан мен Өзбекстаннан сұраныс көп. Бүгінде толық қуаттылығына көшкен, пластикалық өнімдер шығаратын өндіріс орны тауарларының тең жартысын шет мемлекеттерге тасымалдайды. Алайда, қажетті шикізатты кәсіпкерлер шетелден арнайы тапсырыспен алдыртады. Бизнес өкілдері, соның әсерінен, қымбат пластиктер тауардың өзіндің құнының қымбаттауына әкеп соғады деп отыр.

Данил Конев кәсіпорында шебер болып жұмыс істейді. Бірнеше қызметті қоса атқаратын кешенді құрал-жабдықтарды қалт жібермей қадағалайды. Одан шығып жатқан тауарлардың сапасын бақылау да маманның мойнында. Шебер өнімнің мінсіз жасалуы шикізатқа тікелей байланысты дейді.

Осыдан алты жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын тауарларына бүгінде көрші елдер тапсырыс беруде. Шымкенттен шығып жатқан шөлмек қақпақтары Өзбекстан мен Қырғызстан елдеріне тасымалданып жатыр. Ал жеміс-жидек салуға арналған жәшіктер сарыағаштық, мырзашөлдік кәсіпкерлер қоймай сатып алып жатыр дейді кәсіпкерлер. Алайда шетелдің шикізатына тәуелді өндіріс орнында қазір Қытай, Беларусь, Ресей пластиктері өңделуде. Шет елдерден қымбат бағамен келіп жатқан шикізаттарды өз өнімдеріміз алмастырса, тауар бағасы әлдеқайда арзан болар еді дейді зауыт басшылары.

Нарықтағы ақуалды жіті зерделеп отырған бизнес өкілдері тауарлардың сапасы мен өтімділігін жетілдіру үшін барымызды салып жатырмыз дейді. Бұл ретте кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың да шарапатын көріп отыр. Айта кетейік, серіктестік басшылығы биыл 515 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, құрал-жабдықтарын жаңартуда.

Мақпал Рысбаева