Биыл астық түсімі аз

347

Биыл Оңтүстікте астық түсімі көңіл көншітпейді. Қазығұрттық шаруалар бидайды гектарынан 24,4 центнерден жинауда. Былтыр бұл көрсеткіш 28 центнерден асық болған. Бұл туралы бүгін киелі мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалған жиында аудан әкімі Төлеген Телқараев мәлімдеді.

Ауданда биыл 36 мың гектарға астық егілген. Бүгінде шаруалар 90 мың тоннаның өнімін жинап үлгеріпті. Алайда астық түсімі биыл жылдағыдай емес дейді мамандар. Аудан басшысы мұны ауа райының жайсыздығымен байланыстырып отыр. Жергілікті билік өкілдері астық жинау науқанының әлі де жалғасып жатқанын айтады. Бұл жұмыстар қазір таулы елдімекендерде қыза түскен.

Қазығұрттықтар жұмыссыздықпен күресуде де алда келеді. Бұл ретте «Өрлеу» жобасы мен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шапағаты мол дейді аудан басшысы. Мемлекеттік бағдарлама аясында бүгінде 2 жарым мың адамға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды дейді аудан басшысы.

Алайда киелі мекенде апатты мектептердің мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Бүгінде ауданда ғимараты тозған 7 мектеп бар. Аудан әкімі жаңа оқу жылына дейін түйткілді төрт білім ұясының түйіні тарқатылады деп сендірді.

Төлеген Телғараев коммуналдық мәселелердің де кезең-кезеңімен шешіліп келетінін жеткізді. Айта кетейік, бүгінде ауданда 64 елдімекеннің 42-сі ауызсумен қамтылған. Таза суға зәру 19 елдімекенге қазір су құбырын жеткізу үшін тиісті құжаттамалар дайындалуда. Ал экономикалық тұрғыдан тиімсіз табылған 3 ауылды көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді билік өкілдері.

Мақпал Рысбаева