Шымкенттің оқушылары бірыңғай оқулықтармен оқиды

532

Биылғы оқу жылында қаладағы 132 мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Олардың 53-і — қазақ, біреуі — орыс, төртеуі — өзбек, 74-і аралас мектептер. Мектептегі қазақ сыныбында оқитын 110 мыңдай бала болса, орыс сыныптарында 36 мың, өзбек сыныптарында 20 мың оқушы оқиды. Биыл 1, 2, 5 және 7 сынып оқушылары бүкіл әлемдік стандартпен білім алады.

Бұл бағдарлама барлық білім беру мекемелеріне ортақ болған соң, орыс, өзбек тіліндегі оқулықтар да қайта зерделеуден өтіп, өз тілінде құрастырылды. Сәйкесінше, осы сыныпта оқитын оқушылар 100 пайыз бірыңғай оқулықпен қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегiнде оқушылардың бiлiм деңгейiн теңестiруге жағдай туғызады дейді мамандар.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:  Орта бiлiм беру саласының жаңартылған мазмұнға көшуіне байланысты 2016-2017 оқу жылында барлық мектептерде базалық оқулықтар жаңартылды. Яғни, былтыр 1-ші сынып оқушылары жаңа форматта білім алса, биыл 1,2,5,7 сыныптар бүкіл әлемдік стандарттың негізінде құрылған бағдарламамен оқытылмақ. Келер жылы қалған сыныптардың оқулықтары бірыңғай форматпен басылып шығады.

Маманның айтуынша,  кей өзбек сыныптарының сұранысы бойынша, оларға қазақ тілінде әзірленген оқулықтар таратылған. Себебі, қаладағы бірнеше қазақ-өзбек мектебі билингвальді оқу жүйесімен білім береді. Бұл дегеніміз оқушылар — сабақты қазақ тілінде өтеді. Ал кей мектептер түлектері ҰБТ-ден сүрінбес үшін білімді қазақ тілінде бергенді тиімді көреді. Осы ретте айта кету керек, қазақ-өзбек, қазақ-орыс мектептерінде білім алаған түлектер ҰБТ-ны өз еріктері бойынша қазақ не орыс тілдерінде тапсырады.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы — критериалды бағалау болып отыр. Бұл дегеніміз — бүкіл әлемдік стандарттың негізінде құрылған бағдарламамен білім алатын оқушыларға баға қойылмайды. Ата-ана, ұстаз және оқушы арасында үшжақты жұмыс жүргізіледі. Балалар тоқсан сайын тест тапсырып, соның нәтижелерінің  пайыздық үлесі есептеледі. Сонымен бірге, биылдан бастап мектептерде «Өлкетану» пәні енгізілмек. Бұл пән арқылы — балаларды Отансүйгіштікке, патриотизмге баулу көзделуде.

Сондай-ақ, Жанат Тәжиева, халық үштілділік білім беру бағдарламасының жүзеге асырылу принциптерін дұрыс түсінбей, дүрлігіп жатқанын айтады. Оның айтуынша, 2018-2019 жылдан бастап 9,10,11 сыныптары информатика, физика, химия, биология пәндерінен «терминологиялық сауаттылық» өтеді. Ол дегеніміз — өтілген тақырыптағы термин сөздерді ғана орыс, ағылшын тілінде жаттайды. Мәселен, «жасуша» сөзін алайық. Орысша — клетка, ағылшынша — «cell» немесе «темір құрамы» орысша — свойства железа, ағылшынша — «properties of iron» болады. Маманның айтуынша, бұл түлектердің аттестаты халықаралық деңгейде болады. Яғни, олар әлемнің кез-келген жоғарғы оқу орнына еш қиындықсыз құжат тапсыра алады.