Тұрақтандыру қоры азық түлік бағасын бірқалыпты ұстап тұр

570

Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасын тұрақтандыру іс-шаралары өз нәтижесін беруде.

Бүгінгі таңда облыста бағаның күрт құбылуы тіркелмеді. Өңірдегі жағдай тұрақты, азық-түліктің жетіспеушілігі байқалмайды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының мамандары хабарлады. Олардың айтуынша, 2017 жылдың шілде айындағы азық-түлік инфляция деңгейі облыста 99,8%-ды құрайды. Оның ішінде азық-түлік тауарларының тұтынушылық бағасының индексі – 98,3%, азық-түлік емес тауарлар – 100,5%. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, маусым айында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының индексі 97,7%-ды құраған.

Бұл биылғы шілде айына жоспарланған көрсеткіштен 1,9 пайыз пунктке томен. Биылғы шілде айында әлеуметтік маңызды азық-түлік нарығындағы 2 өнімнің бағасы жоғарылаған. Мәселен, пияз 140 теңгеден 146 теңгеге, ал сәбіз 145 теңгеден 151 теңгеге қымбаттаған. Бұл өнімдер бағасының өсуінің негізгі себебі маусымдық құбылыс болып саналады. Бұған қоса 2 өнімнің бағасы төмендеді. Яғни, қырыққабат 123 теңгеден 88 теңгеге, ал картоп 131 теңгеден 96 теңгеге дейін арзандаған.

Бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, Шымкенттегі «Фиркан», «Magnum», «Рахмет», секілді ірі сауда желілерімен келіссөз жүргізіліп, қазіргі таңда тұрақтандыру қорының қанты «Фиркан» сауда желісінде сатылуда. Еске сала кетейік, тұрақтандыру қорының азық-түлігі Шымкент қаласының әр аймағындағы ондаған әлеуметтік дүкендерде сатылуда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі