Орынбаев көшесінің тұрғындары арық-атызды талап етеді

362

«Артық қылам деп, тыртық қылды». Шымкенттегі Орынбаев көшесі тұрғындарының жол жөндеу жұмыстарына көңілі толмай отыр. Айтуларынша, Төреқұлов көшесінде жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстары кезінде қиылыстағы көшенің ирригациялық жүйелері ескерілмеген. «Соның салдарынан қора-қопсымыз жауын-шашын кезінде су астында қалу қаупі бар» дейді тұрғындар.

Жергілікті билік өкілдерінің төбесі көрінгеннен жұртшылық айқай-шуға басты. Айтуларынша, құрылыс кезінде Орынбаев көшесінің ирригациялық жүйесін реттейтін арық бұзылып кеткен. «Қайда шағымдансақ та қайран жоқ» деп налыған халықтың жобалау жұмыстарына көңілі толмай отыр.

Жауын-шашынды күз мезгілі жақындағаннан тұрғындардан маза кеткен. Ылдилап ағатын қар мен жаңбыр суы енді үйді-үйге кіріп, баспанамызды зақымдайтын болды дейді.

Ал салаға жауаптылар Төреқұлов көшесінде жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстарынан кейін ирригациялық жүйелерден ондай түйткілдер болмайды деп сендіреді. Қажет болған жағдайда мердігерлер арық-атызды қайта қалпына келтіріп беруге дайын екендерін айтады.

Айта кетейік, Төреқұлов көшесінде жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстары келер жылдың алғашқы жартысында аяқталады. Ал жол саласының өкілдері тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің мамандары ирригациялық жүйелерді нақтылап берсе, тұрғындар арызының аяқсыз қалмайтынына сендіреді.

Мақпал Рысбаева