Сарбаздардың өліміне кінәлі деп танылған әскериге қатысты сот үкімі шықты

461

Бүгін Шымкентте Жамбыл облысының 91678 әскери бөлімінің майоры Бахыт Шойбековке қатысты сот үкімі шықты. Бахыт Шойбековтің ісі өз қызметіне жауапсыз қарағаны үшін сотқа өткізілген болатын. Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында аталған әскери бөлім сарбаздарының Көксай шатқалында оқу жаттығуы кезінде қар көшкіні боп, жеті әскери қаза болған еді.

Сот үкімі оқылғанда жәбірленушілерден ешкім болмады. Қаза болғандардың туыстары сотталушыға қатысты ешқандай шағымдарының жоқ екендіктерін бұрын айтқан болатын. Тіпті бас бостандығынан айырмау туралы ұсыныс та берген еді. Бахыт Шойбековтың өз кінәсін толық мойындап, миллион теңгеден астам материалдық шығынды өтеген.

Осы жылдың басында 91 678 әскери бөлімі Арму халықаралық жарысына дайындалған. «Элбрус шеңбері» кезеңіне қатыспақ болады. Бөлім командирі іссапарда болып, міндетін атқарып майор Шойбеков қалады. Бірақ майор толық бақылау жүргізе алмайды.

Осылайша тау ротасының арнайы тобының жеке құрамы тұрақты дислокация бекетінде жаттығуы қажет еді. Көксай шатқалына шығу 17 -сі емес, 20 – шы ақпанға жоспарланған болатын.

Оның үстіне ауа райының бұзылатындығы туралы хабарлама да болған. Бұған қарамастан әскерилер тауға шығады. Топ құрамында альпинистер мен инструкторлар тіпті дәрігерлер де болмаған.Қар көшкіні салдарынан 17 әскери қар астында қалған.

Сот майор Б. Шойбековты ҚК-нің 453 бап 2-ші бөлігімен айыптады. Жазаны жұмсартудың негізгі себептеріне бұрын сотты болмағандығы, өкінуі мен асырауында жас балалардың болуы, жақсы мінездеме негізге алынған. Сот шешімі бойынша айыпталушыға 3 жыл шартты жаза мерзімі белгіленді.

Жанар Есенбекова