Түркістан облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл өңірден 3 мыңға жуық жас сарбаз сапқа тұрмақ. Алғашқы лек — 41 бозбала бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қатарын толықтырды.
Түркістан облысынан 41 жас сарбаз әскерге аттанды. Олар алдағы уақытта Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Салтанатты шараға жиылған жастардың бойынан нық сенім мен үлкен жауапкершілік сезіледі. Сап түзегендердің бірі — Самандар Рысқұлов. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен сұранған. Бозбала ел шетінде, жел өтінде күзетте тұруды басты міндеті санап отыр.
САМАНДАР РЫСҚҰЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫ: «Мен өз еркіммен армияға кетіп бара жатырмын. Үйдегілер армияға кетіп бара жатқаныма разы бәрі қуанышты. Қуанышты өзімнің борышымды өтеп келмекшімін».
Ұлын әскерге мақтанышпен аттандырған Севар Мухамедова перзентінің ел қорғаны болатынына сенеді. Анасы ұлының аман-есен оралуын тілейді.
СЕВАР МУХАМЕДОВА, САМАНДАР РЫСКУЛОВТЫҢ АНАСЫ: «Мен қуаныштымын баламның әскерге кетіп бара жатқанына. Келіп мына барлығын көрдім. Барлығы жақсы қуаныштымын 1 жыл тез өтеді».
Сарбаздардың алғашқы легі Алакөл мен Зайсан аудандарындағы шекара заставаларында қызмет етеді. Жоспар бойынша, науқанның алғашқы айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметі өз саптарын жасақтайды. Ал мамырға дейін Қарулы Күштер, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұлан қатары жаңа сарбаздармен толығады.
ҚУАНЫШБЕК КУЛУБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Алдағы уақытта Түркістан облысынан бізге бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінен басқа әскерилерін жасақтау туындап отыр. Қорғаныс минитрінің тапсырысына сәйкес биылғы жылы бізде Түркістан облысына 3000 әскерге шақырушылар жасақталынады».
Әскери борышын өтегендерге мемлекет бірқатар жеңілдік ұсынады. Мәселен, сарбаздар жоғары оқу орындарына емтихансыз, тегін түсуге немесе қызметін келісімшартпен жалғастыруға құқылы.
Ботакөз Әнуар






