Шымкентте денсаулық фестивалі өтті

438
Шымкентте денсаулық фестивалі өтті

Шымкентте денсаулық фестивалі өтті. Бұл жолы күнгейдің дәрігерлері Әл Фараби алаңында медициналық қалашық құрып, ашық аспан аясында халықты медициналық тексеруден өткізді. Ол үшін ешқандай да жолдаманың қажеті болмады.

Бибіжамал Байтелиеваны өкпе ауруы ұзақ уақыт мазалап жүрген. Сырқаттанғанмен дәрігерге көрінуге уақыты босамай жүріпті. Демалыс күні өткен денсаулық фестивалі азаматша үшін зор мүмкіндік болды. Ол мұнда әрі дәрігерге көрініп, әрі өкпесін флюорографиялық тексеруден өткізіп алды.

Денсаулық қалашығында 22 медициналық мекеменің дәрігері азаматтарды қабылдады. Дәрігерге көріну бұл күні тегін әрі жолдаманың қажеті жоқ. Сондай-ақ, қалашықта рентген, тіс тексеру қондырғасы мен флюраграфия және узи аппараты жұмыс істеді. Ал биылғы фестиваль «Дұрыс тамақтан. Спортпен өмір сүр. Денсаулығыңды сақта» деген ұранмен өтті.

Денсаулық фестиваліне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты. Өңір басшысы медициналық қалашықтағы дәрігерлердің жұмысын бақылып, денсаулық сақшыларының жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, денсаулық фестивалі республика көлемінде өткізілді. Дәрігерлер медициналық көмектен бөлек қаладағы үш көшені жаяу жүріп өтіп, марафонға қатысқан. Ал іс-шара соңында қала тұрғындары үшін концерттік бағдарлама қойылды.

Лаура Нахыпқызы