Түркі әлемі әдеби журналдарының редакторлары Түркістанда бас қосты

393

Түркістан қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылау мақсатында Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VІІІ конгресі өтті.

«Түркістан – түркі мәдениетінің астанасы» мәдени жобасының аясында өткен конгресс жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуб Омероглы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет және т.б. 19 елден 30-ға жуық әдебиет және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен конгрестың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз алып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған тапсырмалардың облысымызда орындалу барысын баяндады.

Конгрес барысында Түркия, Иран, Ирак, Қырым (Украина), Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Алтай (РФ), Дағыстан (РФ), Татарстан (РФ), Башқұртстан (РФ), Кабардин-Балқар (РФ), Саха-Якутия (РФ), Косово, Македония, Солтүстік Кипрдан және Қазақстанның бірнеше қаласынан келген белгілі әдебиетшілер баяндама жасады. Түркі әлемінің болашағын бағамдап, әдебиеті мен мәдениетін сақтау, тілін, ділін, ынтымақ, бірлігін одан әрі дамыту мәселелерін көтерді.

Конгресте Қазақстанның латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқыға айналды. Осы ретте «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ: «Латын әліпбиіне көшу — Сіздердің тілдеріңіз үшін жасалған игі қадам. Түркі Елдерінің ақсақалы Н.Назарбаевтың бұл бастамасы тарихта алтын әріптермен орын алары сөзсіз» деген пікір білдірді.

Сондай-ақ, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуп Өмероғлу: «Қазақ елінің латын қарпіне көшуі бастамасын құптарлық дүние. Бұл дегеніміз Түркі елдерінің бауырластығы тек тілінде ғана емес, жазуында да жақындай түсетіндігінің белгісі» – деген ыстық лебізін жеткізді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі