Жас блогерлер мен әлеуметтік желінің белсенділері қолдауға ие болды

635

«Облыстық жас блогерлердің блог-құрылтайы». Күнгейде осындай тақырыппен жастолқын үшін тағы бір игі жоба қолға алынып, жүзеге асты. Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарамасының ұйымдастыруымен, Төлеби ауданына қарасты «Бастау» демалыс аймағында 100 жасқа арналған арнайы жоспарлы жиын өтті.Тың бастама аясында Қазақстанға танымал блогерлер мен вайнерлер, журналисттер жастар үшін арнайы семинар-сабақтарын өтті. Яғни, әлеуметтік желідегі жазбалары бойынша құқықтық сауаттарын арттырып, ғаламторды қолданудың тиімді тұстарын үйретті. Тіпті пайдалы тәсілдері – қоғамның назарын аудару мен желіге видео-түсірілімді жүктеп, теңге табудың да жолдарын көрсетті.

«Қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Семинар-сабақ арқылы әлеуметтік желіге, өзге де белсенді қолданушыларға деген көзқарасым өзгерді. Құрметім еселенді! Өзімнің бұған дейінгі желіге салған ақпараттық жазбаларымды қайта оқып, күлкі қысып отырғанын да жасырмаймын. Себебі бүгін сауатты жазудың қаншалықты маңызды екенін ұқтым. Ақпараттың жылдам әрі шынайы болуы да көпшіліктің назарына ілігу, сенімін қалыптастыруға сеп болатынын түсіндім. Блогер дегеннің өзі – Сіз бен Біздің жәй-күйімізді күйттеп, қоғамның қозғаушы күшіне айналатын адамдар ғой. Әлеуметтік желінің бүгінгі белсенді өкілі болғаныммен, мен алдағы күндері блогер ретінде парақшамды жүргізгім келеді. Қазіргі арман-мақсатым да осы! Ал дәл осы жоспарымның орындалуы үшін мол мүмкіндік сыйлап отырған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшылығына айтар алғысым шексіз!»- дейді Созақ ауданынан келген әлеуметтік желінің белсендісі Айгерім Айтаханова. 

Айта өтетін ақпарат, айтулы жоба аясында 2017 жылдың 19-23 маусым аралығында өңіріміздегі 15 аудан-қалаларда 15 бірдей оқыту семинар-сабақтары өткен. Арнайы ұйымдастырылған сағаттарда 250-ге тарта ауыл жастары – журналистика саласы мен блогтұғырға қызығушы белсенді топ жасақталып, шараға қатысты.

Сондай-ақ, 22-тамыз күні жас блогерлер мен журналистер арасында кіші футбол турнирі бастау алып, қоғамға спорт пен салауатты өмір салты кеңінен насихатталды. Ал осынау игі жобаға жұмылдырылған жастолқын «Облыстық жас блогерлердің блогқұрылтайында» ерекше құрметке бөленіп, марапатталды.