Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Тассай және Нұртас шағынаудандарындағы жол құрылысымен танысты. Нұртас шағынауданында жалпы ұзындығы 13 шақырымнан асатын 13 жол салынуда. Құрылысты аралау барысында қала әкімі жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.
Зейнеткер Мелдебек Әділбаев атқарылып жатқан жұмыстар үшін әкімдікке алғыс айтты:
— Бес жыл бұрын біз осында көшіп келгенде жарық та, газ да, жол да болмаған еді. Ал қазір, тіпті, кәріз жүйесін де тарып берді. Осындай проблемаларды шешіп бергендеріңізге рахмет! Себебі, үйімізге коммуналды қажеттіліктер жеткізілуінің нәтижесінде біздің жағдайымыз да жақсара түседі. Одан артық не керек? Үйіміз жылы болса, болды. Осының барлығы үшін сіздерге рахмет!
Шағынаудандағы негізгі жолды Астана даңғылымен қосатын жол құрылысы аяқталған соң көлік саласының қызметкерлерінде осы ауданға тағы 9 жаңа көлік бағытын жіберу мүмкіндігі болады.
Ал Тассай шағынауданында Тәуке хан көшесін салу жұмысы жалғасуда. Дегенмен, айта кетер бір мәселе бар. Ол — көшенің кеңейтілуіне байланысты бірнеше учаске сүріледі. Үйлердің иелері учаскелерін босатып беруге қарсы емес, дегенмен, созылып кеткен процедуралардың салдарынан олар өтемақыны әлі алған жоқ. Тұрғындар қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа осы туралы айтып берді.
Шымкенттің әкімі тұрғындарды мұқият тыңдап, бұл мәселені шешуге көлік бөлімінің араласуын тапсырды: «Бұл жерде сіздердің жобаларыңыз жүзеге асырылып жатқандықтан, осы сияқты мәселелердің мүмкіндігінше тез шешілуін сіздер қадағалауға тиіссіздер. Жол құрылысын кідіртуге болмайды», — деді шаһар басшысы.