Қазығұрт шаруалары модульді сүт қабылдау бекеті арқылы өнімді екі есеге көбейтпек

749
Қазығұрт шаруалары модульді сүт қабылдау бекеті арқылы өнімді екі есеге арттырмақ

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында мал сою, сүт қабылдау бекеттері мен қарқынды бау өсіру және жеміс-жидек қабылдау бекеттері сынды жалпы саны 40 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Оның 19 өткен жылы құрылса, биыл 21 кооператив құрылған.

Сондай кооперативтердің бірі – Шарапхана ауыл округіне қарасты Махамбет Өтемісұлы ауылындағы «Қаратас» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Өткен жылдың соңында құрылған сүт шаруашылығымен айналысатын кооперативтің бүгінде 117 мүшесі бар.

Қазығұрт шаруалары модульді сүт қабылдау бекеті арқылы өнімді екі есеге көбейтпек

Біріккен күш бірегей табысқа жетелейтінін айтқан шаруалар кооперативке бірігудің нәтижесінде мемлекеттен тиісті көмектер алып, шауашылықтың өрісін кеңейтіп жатқанын жеткізді.

– Егістігіміз бен мал жайылым жеріміз ыңғайлы болғандықтан, сүт шаруашылығын дамыту бойынша 117 ұсақ шаруашылықты біріктіріп кооператив құрдық. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 30 мүше 130 млн теңге несие алды. Оған 700-ге жуық сауын сиыр алып, олардан күніне 1 тоннадан астам сүт сауып отырмыз», – деді «Қаратас» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Мақсат Арапбайұлы.

Қазығұрт шаруалары модульді сүт қабылдау бекеті арқылы өнімді екі есеге көбейтпек

Алдағы уақытта тәулігіне 3 тонна сүт алуды жоспарлап отырған шаруалар құны 5 млн теңге болатын сыйымдылығы екі тонналық модульді сүт қабылдау бекетін сатып алған. Оның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Сүт сақтауға арналған танкер арнайы зертхана, тоңазытқышпен жабдықталған. Бұған дейін кооператив сүтті «Фуд Мастер» ЖШС орнатылған сыйымдылығы 1,2 тонналық танкерде сақтап келген.

Енді жаңадан орнатылған модульді сүт қабылдау бекетінің нәтижесінде шаруалардың табысы еселеніп, аудандағы сүт өндірісін өркендетуге септігін тигізбек. Мұндағы өндірілген өнім «Фуд Мастер» серіктестігіне майлылығана қарай литрі 80-85 теңгеден өткізіліп отыр.

Аграрлы аймаққа жататын таулы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға жылда ерекше назар аударып отырамыз деген аудан әкімі Төлеген Телғараев өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 29 млрд теңге болса, биыл 32 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз деді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі