Әкім өзі оқыған мектепке барды

Қонағын алыстан күтіп алған мектеп ұжымы мен оқушылардың әкімге деген құрметі ерек. Мектептен түлеп ұшып, бүгінде ел басқарған азаматқа гүл шоқтарын ұсынып, шәкірттер ә дегеннен ақ тілектерін жаудырды.

Білім ұясындағы химия кабинеті Жансейіт Түймебаевтың атымен аталады. Білім министрі болып тұрған шағында әкімнің мұрындық болуымен мамандандырылған мектеп-интернаты дәрежесіне өткен білім ошағында оқушылар үш тілде білім алады. Сондықтан бірнеше жылдан бері жаратылыстану бағытындағы пәндер тек ағылшын тілінде өтуі қалыпты жағдайға айналған. Басшы оқушылардың сабағына қатысып, өзге тілде өз тіліндей сайраған шәкірттердің біліміне тәнті болды.

«Құтты қонақ келсе, құт табады» дейді. Мектепте жыл басынан бері робототехника үйірмелері ашылған. Замануи техниканы меңгеріп, ғылымға құлаш ұрған жастарды үнемі қолдайтын басшы бұл жолы да көмегін аямады. Олардың толыққанды, тыңғылықты іліммен айналысуы үшін робототехника кабинетін жабдықтау үшін арнайы сертификат табыстады.

Мектепте Социалистік Еңбек Ері, алғашқы директоры Маржан Тасова атындағы арнайы бұрыш бар. Енді ұлағатты ұстаздың жанынан оның шәкірті, Жансейіт Түймебаевтың аты да қатар аталып, суреті де қатар тұрады. Ашылған арнайы бұрышта облыс әкімінің балалық шағындағы суреттері мен мектепте ұстаздарымен түскен сәттер ілініпті.

Алғашқы ұстаздарымен қуана қауышқан әкімнің айтары көп екен. Алғашқы сынып жетекшісі мен өзге де ұстаздарын мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасаған басшы өзін мектепте оқитындай сезінетінін де айтты. Маржан Тасова атындағы мектепте 11 жыл білім алып, «Алтын белгімен» бітірген оқушының мектеп қабырғасында өткен әрбір сәті жадында. Ұстаздарының айтуынша, ел баласының білуге деген талпынысы мен үйренуге деген ұмтылысы оқушы кезден-ақ байқалыпты.

 

Әтіргүл Нөсербаева, №12 М.Тасова атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Жансейіт Түймебаев мектебімізде 1 сыныптан 11 сыныпқа дейін оқыған. 1975 жылы «Алтын медальмен» бітірді. Кезінде Елбасының баспасөз хатшысы болып жүргенінде «сағат тоғызға дейін уақытым бар» деп таңғы сағат алты-алты жарымда мектебімізге келіп, мұғалімдерді жинап, сәлемдесіп, хал жағдайын біліп кететін. «Жол картасы» бойынша мектепті жөндетіп, 8 интерактивті тақта алып берді. 2008 жылы Білім және ғылым министрі болып жүрген кезінде еліміз бойынша 700-ге жуық мұғалімді Анталияға демалуға жіберді. Ж.Түймебаевтай ұстазды ұлықтаған адамды осы уақытта дейін көрмеппіз.