Хәлі нашарлап кеткен анаға тағы да санавиация шақыртылды

240

Ұшақ апатынан қаза тапқан дәрігерлер көмек көрсетуі тиіс шымкенттік келіншектің хәлі нашарлап барады. Бауыр циррозына ұласатын вирустық гепатиті бар 30 жастағы әйел екі күн бұрын ғана Түркістаннан Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасына ауыстырылған екен. Дәрігерлер жете алмай қалған әйел жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды.

16-шы қыркүйекте алтыншы баласын босанған келіншектің өмірі үшін арпалысқан жергілікті дәрігерлер оны ақыры Шымкентке жөнелтеді. Алайда науқастың жағдайы тым мүшкіл болған соң оңтүстіктің ақ халаттылары Алматыдан білікті мамандарды шақыртыпты. Қазір арнайы аппаратпен ғана тыныс алып жатқан келіншекке мықты мамандардың көмегі әлі де қажет. Сондықтан, күнгейлік дәрігерлер тағы да санавиацияға жүгінуге мәжбүр.

Вячеслав Цай, жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

-Әріптестеріміздің қазасын естігенде қабырғамыз қайысты. Олар өз жұмысын атқару кезінде көз жұмды. Бірақ, біз дәрігерміз, бірінші кезекте ауыр науқасты емдеуіміз керек. Бұл үшін бізге республикалық деңгейдегі арнайы мамандардың кеңесі қажет. Сондықтан республикалық санавиацияның келуін сұрап, тағы өтініш жазып отырмыз.

Бұл қайғылы жағдайға байланысты, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қаза тапқан экипаж мүшелері мен дәрігерлердің отбасыларына көңіл айтты. Айтуларынша, Талғат Патсаев пен Жәнібек Артықбаев бұған дейін сан мәрте санитарлық авиациямен ұшып, талай рет науқастардың жанын аман алып қалған. «Өзгенің жанын сақтауға аттанған дәрігерлердің қазасы ерлікпен тең» дейді олар.

Елжан Біртанов: «Олар 20 жылдық тәжірибесі бар нағыз мамандар еді, қаза тапқан ақ халаттылардың алдында басымды иемін».

Айта кетейік, Ан-28 әуе көлігінің бортындағы бес адамның барлығы да кеше кешкісін Алматы маңында ажал құшқан еді. Осылайша өзгенің өмірін аман сақта қалу үшін дәрігерлер жұмыс сапарында көз жұмып отыр. Дегенмен, санавиация қызметі қажет болған азаматшаға республикадан тағы да мамандар жіберілмек. Жан сақтау бөлімінде жатқан әйелдің өмірін аман алып қалу үшін өңірдің дәрігерлері Алматы қаласынан келетін санавиация қызметін күтіп отыр.

Ұшақ апатының себебін анықтау мақсатында қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын-ала болжам бойынша, Ан-28 ұшағының апатына қозғалтқыштағы ақау себеп болуы мүмкін деген мәлімет тарап жатыр.