Ханның соңғы қорғаны

939

Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналатын болады. Қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын мекен келешекте туристерді көптеп тартуда таптырмайтын орын болмақ. «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынған кезеңде жоғымыз түгенделіп, барымыз бүтінделіп қалған-тын. Одан кейін біршама уақыт үзіліс болды. Бүгінде шүкір, саланың бойына қайта қан жүгіріп, сең қозғала бастады. Оған Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы мұрындық болып отыр. Ханқорғандағы келелі кеңесте өңіріміздегі археологиялық тарихи орындарды дамытудың жолдары қарастырылып, жұмыс барысы пысықталды. Жиынға қатысқан басқарма басшылары мен археолог-ғалымдар ары қарайғы жоспарларды ортаға тастап, тұщымды ойларымен бөлісті.

Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін шежірелі оңтүстік өлкесі тағы бір тарихи кешенмен толықпақ. Ханқорған қалашығында алдағы уақытта толық археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музей жасақталмақ. Ханқорған бір қарағанда қарапайым төбешік болып көрінеді. Қазақ даласында мұндай төбешіктердің талайы бар. Алайда бұл төбешіктің қазақ тарихында аса маңызды орны бар. Дәл осы тарихи төбе қазақ елінің біртұтастығын сақтауда бар өмірін сарп еткен Абылай ханның оңтүстіктегі ордасы болған.

Қазақ елінің қалыптасуына, мемлекеттің орнығуына ерен еңбек сіңірген Абылай ханның орны ерек екені белгілі. Сондықтан да соңғы демі үзілген осы Ханқорған биігінде Абылай ханға алып ескерткіш орнатылса деген игі тілегі бар елдің…

Тек Ханқорған ғана емес, өңіріміздегі өзге де тарихи маңызы бар орындарды дамыту күн тәртібіне шығып отыр. Ол үшін облысымыздағы тарихи орындарды қалпына келтіруге байланысты арнайы бағдарлама дайындалып, белгіленген уақыт аралығында жүзеге асырылатын болады. Бұл өз кезегінде аймақтағы туризм саласын дамытуға соны серпін бермек. Ең алдымен Қазығұрт, Ордабасы тауларын, ортағасырлық Отырар, Оқсыз, Сауран, Сидақ, Мәртөбе, Ханқорған қалашықтары, Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендеріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, бүгінде жойылып кеткен археология және сәулет ескерткіштеріне жататын Қошқар ата, Керуен сарай, Созақ ауданындағы Жүсіпбек, Жәкел датқа кесенелерін және тағы басқа да тарихи нысандарды да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілетін болады. Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Ақсүмбе мұнарасы, ел арасында Ақбикеш аталатын мұнара да аталған тізімге ендірілсе дұрыс болар еді. Сан ғасырлар сорабынан бүлінбей бүгінге жеткен қарауыл төбенің де қазақ тарихында алар орны ерек екендігі анық. Ендеше тағы да осы сияқты киелі жерлерімізді жаңғырту бағдарламасынан тысқары қалмаса деген тілек біздікі.

Әрине әр төбедегі тарихи орындарды қазып, зерттеу жүргізу бір-екі жылда біте салатын шаруа емес. Тарих беттерінің тыңға түрен салғандай жаңа деректермен байытылуы үшін архелог-ғалымдарымыз күні түн тынбай, қажырлы еңбектенуіне тура келіп тұр.

Оңтүстіктегі археологиялық тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру туралы кеңескен алқалы жиында Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаев еліміз бойынша тарихи мәдени ескерткіштердің ең көп бөлігі оңтүстікте екендігін тілге тиек етті. Расында аталған сәулет және археология ескерткіштерінің қазақ елінің тарихында ерекше маңызы бар. Бүгінде тарихи маңызы бар тауы мен тасына дейін түгенделіп жатқан шақта өзге де маңызды деген тарихи орындар естен шықпаса игі.

Анталия қаласының бір ғана туризм бойынша жылына 58 млрд. табыс табатынын тілге тиек еткен облыс әкімі өңірімізде туризмді дамыту арқылы ақ бұдан да көп табыс табуға болатындығынан мысал келтірді. Расында күнгейде туристер тәу етіп баратын киелі орындар да, тау бөктерінде орналасқан табиғаты көркем жерлер де жетерлік.

Ал Ханқорған қалашығы қайта қалпына келтіріліп, аспан астындағы ашық музей ашылған шақта мұнда туристер легі толастамасы анық. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды кіші кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашпақ. Яғни, қалашықтың айналасында тамақтану орындары, қонақ үйлер, кәдесый сататын дүкендер желісі ашылатын болады. Бұл да болса туризм индустриясының қалыптасуына септесетіні сөзсіз. Ала жаздай кетпенін күнге сүйдіріп диханшылықпен айналысатын еңбекқор сайрамдықтар бұл кәсіпті де шырқ үйіріп әкетері анық. Тек жобалар қағаз жүзінде қалып кетпей, іс жүзінде жүзеге асырылса туризм саласының тасы өрге домалайын деп-ақ тұр.

 

Тарихи орындарға, киелі жерлерге туристерді тарту қаржының кені. Одан бөлек табиғаты көркем жерлерді туризм саласы бойынша жеке үлкен нысандарға айналдыру үшін арнайы жоспарлар жасалуда. Ал бүгін талқы таразысына салынған тарихи орындарды зерттеу жұмыстары жуық арада басталмақ. Ол үшін жұмысшы тобы да құрылған. Облысымыздағы тарихи ескерткіштердің барын түгендеп, жоғын жоқтап, орнын толтыру жұмыстары осылайша қарқын алып отыр. Жиын барысында облыс әкімі дербес туризм басқармасы құрылатындығын мәлім етті. Бұл өз кезегінде күнгейде туризм саласының қарыштап дамуына өз септігін тигізері сөзсіз.

Абылай ханның еліміз бойынша бірнеше ордалары болғаны белгілі. Ханқорған солардың бірі. Бұлай аталуы да тегін емес. Тарихи деректерге сүйенсек, археолог-ғалымдар Ханқорған қалашығы XIII ғ. Үлкен орда болғандығын айтады. Осы төбешікте жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында көптеген қыштан жасалған ыдыстар табылған. Бүгінде олар музей төрінде тұр. Дәл осы төбешікте табылған қандай зат болмасын бұл жерде үлкен қорған, үлкен орда болғанын дәлелдейді. Осы қорғанда темір ерітетін ошақ табылған. Ғалымдар онда отпен атылатын қару жасалған болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Осы жерді басып алмақ болған жоңғарлармен қиян кескі шайқас болғаны анық дейді тарихшылар. Болжам бойынша ол 1690, 1693 ші жылдар болуы әбден мүмкін.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:
– Жаңа төбеге шықтық. Атамызға зиярат еттік. Құран бағыштадық. Енді әр осы қалашық, тарихи ескерткіштер бойынша жұмыстар бастаймыз. Облысымызда есепке алынған тарих пен мәдениет үшін маңызы зор – 1281 тарихи мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның ішінлде сәулеттік ескерткіштер – 218, археология ескерткіштері саны – 1063 ті құрайды. Осы тарихи орындарымызға кезең-кезеңімен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп қалпына келтіруіміз қажет. Зерттелмегендері қаншама? Бұл тарихи жадымызды қалпына келтіру, өткенімізді түгендеу.

Амангелді Қабылбеков, Сайрам аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Абылай хан да өз кезеңінде қазақтың үш жүзінің басын қосуды арман етті, жоңғарлардан қорғап, сақтап қалды. Әр жерде оның резиденциясы болған. Қазақ мемлекетін аралау барысында дайын, қорғану қабілеті мықты жерде яғни осы жерде талай рет болған. Самарқанға бір жағдайға араласуға барған, бірақ түс көріп, қайтуға шешім қабылдаған. Содан қалың қол армиясына елдеріне қайтуға пәрмен берген. Осында бір жағдайларға байланысты бармағын тістеуге мәжбүр болғаны белгілі. Содан осы қорғанға келіп жатып, хан ием бақидан фәниге аттанған. Қайтыс болғаннан кейін Түркістанға жеткізу қиын болғандықтан, жаңа сойылған жылқының терісіне орап, жеткізген.