Шымкенттегі Абай кітапханасы жөндеуді қажет етеді

1819
Шымкенттегі Абай кітапханасы жөндеуді қажет етеді

Шымкенттегі Абай атындағы кітапхана жөндеуді қажет етеді. Осыдан 5 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен кітапхана ғимараты тозып тұр. Қабырғалары түсіп, оқырмандардың денсаулығына қауіп төндіруде. 60 мыңға жуық оқырманы бар мәдениет ошағына көмек қажет.

Ұлбала Бекжан Абай атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы. №66 орта мектептің оқушысы қаланың іргесіндегі Қазығұрт шағынауданынан осында жиі келіп, сүйікті жазушы, ақындарының туындыларын оқимын дейді. Ұлбала сияқты 60 мыңнан астам оқырманды кітапхана ғимаратының бүгінгі жағдайы қатты алаңдатады. Сондықтан болар, жаны ашығандар сыздың салдарынан ғимараттың мүшкіл күйге түскені жайлы фотосуреттерді қала әкімдігінің ватцапына жіберген.

Шымкенттегі Абай кітапханасы жөндеуді қажет етеді

Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №20 үйдің бірінші қабатында орналасқан қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ғимаратында күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізілген. Алайда ғимараттағы ылғалдылықтан  жылда бөлмелердегі қабырғалар көгеріп, сылақтар төбеден біртіндеп түсуде.

Гүлнар Ендібаева, Абай атындағы Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі басшысының міндетін атқарушы: «Кабинеттер сыз. Өйткені бұл ғимараттың жертөлесі жоқ. Және желдеткіші де болмағандықтан дымқыл. Биыл маусым айында сараптама жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысы мәдениет бөлімінде. Күрделі жөндеуге қаржы бөлінеді деген үміт бар.»

Шымкенттегі Абай кітапханасы жөндеуді қажет етеді

500 мыңнан астам қоры бар кітапхананың жағдайымен қала әкімдігі етене таныс. Маманның айтуынша, кітапханада кезекті рет күрделі жөндеу жүргізу ақшаны босқа шашумен тең. Сондықтан кітапхананы басқа жерге көшіру жөнінде шешім қарастырылуда.

Рухани жаңғыруға бет бұрған шағымызда мыңдаған оқырманы бар мәдениет ошағына көзі ашық көкірегі ояу жомарт жандар көмектеседі деген үміт те жоқ емес.