«Балалардың көңілінен шығу қиынның қиыны…»

426

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы облыстық балалар қуыршақ театрының директоры Бахтияр Спанов:

– Биыл қуыршақ театры 35 жылдығын тойлағалы отыр. Дайындық қалай?
– Дайындық барысы жоғары. Жылдың басы – есепті кезең. Өзіміздің жоспарымыз бар. Соған орай жұмысқа кірісеміз. Жұмыстың оңайы жоқ. Ал балалардың көңілінен шығу қиынның қиыны. Ұжымымыз жаңа серпіліспен жұмысқа кіріспек.
– Өткен жылға қортынды жасайтын болсақ… Былтыр қанша қойылым қойдыңыздар?
– Былтыр «ЭКСПО» халықаралық көрмесі, одан кейін Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып танылды. Осының аясында көптеген шаралар өтті. Бүкіл түркі әлемі оңтүстікке қадам басты. Осында драма, сатира, қуыршақ театрларының, бүкіл өнер ұжымдарының додасы өтті. Түркістанда наурыз айында ашылып, желтоқсан айында жабылды. Үлкен жеңіспен, көптеген жетістіктермен есте қалатын жыл болды. Қуыршақ театрына келетін болсақ, Астана , Байқоңыр қаласына гастрольдік сапарларда болдық. Астана қаласында 48 қойолым көрсеттік. 4 500 адам қамтылды. Байқоңыр қаласында осы іс-шаралар аясында өткен гастрольдік іс сапарымызда 27 спектакль қойдық. Қайырымдылық іс-шаралар жоспарлағанбыз. Алдыңғы жылы ҚР Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 іс шара жоспарлаған едік, оны 50 қойылыммен аяқтадық. Биылғы жылы 27 қойылымды балаларға тегін қайырымдылық қойылым көрсетеміз деп жоспарлаған едік. Соған орай республика бойынша 68 тегін концерт қойдық.
– Билет бағасы қанша?
– Әр жексенбі сайын қойылым болады. Билет бағасы орынға байланысты, 200, 300, 400 теңгеден. Одан қымбат емес. Қолжетімді бағада, әрі облыс бойынша ең арзаны. Әр жексенбі күні сағат 12-де қойылым қоямыз. Ал қалған күндері аудандарға шығамыз. Балаларды қуанту – негізгі мақсатымыз. Балалардың қуанышына тең келетін қуаныш жоқ. Орысша қоятын кезде залда орын болмайды. Аншлагпен өтеді. Қосымша бірнеше орындықтар қоямыз. Ал қаракөздеріміз өте аз келеді.