Бозарыққа газ жеткізілмеуі жауаптылардың жүгенсіздігінен…

481

Шымкентте қаңтардың қара суығында бүтін бір елдімекен – Бозарық жұрты бүрсең қағып отыр. Көпті мезі еткен көгілдір отынның жәйі әлі шешіле қойған жоқ. Жыл бұрын жеткізілуі тиіс газдың түйінін тарқату үшін бүгін жауаптылар жиналып, күрмеуі күрделенген мәселеге үңілген-ді. Жағдайдың жай-жапсарымен танысып, жерлестеріміздің уәжін тыңдап, атқамінерлердің атүсті қадамына тағы да куә болып қайттық.

Бардым-келдім. Көзбояушылық қарекет! Бұл көрініске Бозарық жұрты көзі үйреніп, көндігіп те қалған. Әдеттегідей жауаптылардың бірі келсе, екіншісі жалтарып, бой тасалады. Бір-бірін түгендей алмай әлекке түсті. Ат ізін салмаған атқамінерлер де бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселені көтеріп, тиісті орындарға талай барып, табанынан тозғанымен, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары мен ішкі газ жабдық-жасақтарының талап-ережесін тексерушілер бұған бас ауыртпайды.

«Газды қосу үшін әрбір үйді жеке-жеке тексеріп жүрміз», – деген жаттанды жауабын жиі айтатын жасақтың өкілдері бұл жолы Бозарықтың аумағынан көрінбеді. Тек «Телеарнаның түсірілім тобы келді», – деген сұраныспен, әрең дегенде арнайы шақыртумен, араға сағат салып жеткен жауаптылар ә-дегеннен-ақ, «айла-әрекетке» көшті. Газдың орнатылудағы ереже-талабы есіне түссе керек, тексерген кейіппен талас-тартысты бастады.

Естеріңізде болса, осыдан бір жеті бұрын қаңтардың 4-жұлдызында, Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов Бозарықтың бір емес, екі бірдей көшесіне газ берілгенін мәлімдеген еді. Бірақ әкімнің ресми мәлімдемесін жоққа шығарған газды жеткізуге жауапты мамандар яғни, «Интергаз Орталық Азия» АҚ өкілдері тек бүгін ғана көз алдымызда 5 бірдей үйге көгілдір отынды кіргізіп, қосып берді.

Сондай-ақ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ өкілдері Бозарықтағы газ мәселенің сағызша созылуына тұрғындардың салғырттығы ғана емес, жауаптылардың жүгенсіздігі екенін де жасырмай, жайып салды.

Айдар Смағұлов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас инженері: «Тұрғындардың өздеріне байланысты, пештерін дұрыстап қойса, бәріне газ береміз. Ал газдың ішкі талап-ережелерін түсіндіретін мердігерлерді жыл бұрынғы жиында, онда да бірінші күні ғана көрдік, содан бері жоқ! Қазір де біздің жанымызда жоқ қой, көріп тұрсыздар! Жауапкершілік дегенді ұмытқан!»

Айта өтетін ақпарат, қала іргесіндегі бүтін бір шағынаудан – Бозарықта бір емес, 1700 отбасы бар. Осыншама түтінге көгілдір отын әкелу үшін жыл бұрын жабдықтар орнатылып, құбыр да тартылғанымен, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары кешеуілдеп, тек 300-і ғана тиісті құжаттарын рәсімдеп – газды орнатуға ресми өтініш білдірген. Бірақ оның көбі қауіпсіздік талаптарына сай келмей, өтінімдері қанағаттандырылмай отыр. Бұл — Бозарыққа газдың кіріп, түтіні түтейтін күн алыс екенін екшейді.

Мөлдір Бекеева