Бозарықтың тұрғындары мезі еткен газ мәселесін тағы да көтерді

608

Енді үш жылдан соң, елдің ғана емес, ТМД елдерінің – мәдени астанасы деп таныстырылатын шаһардың күйі мәз емес! Жыл бұрын тұрғындарға жеткізілуі тиіс газ әлі күнге жетпеген. «Салдарынан, қаңтардың қара суығында қара көмір жағып, отын-суға қалтамыз қағылды. Ал жауаптылар уәдесінен жалтарып жатыр», – дейді тұрғындар.

Бозарықтағы ашынған ағайын мезі болған газдың мәселесін тағы да көтерді. Тұрғындардың айтуынша, бүгін емес, жыл бұрын жеткізілуі тиіс газ әлі күнге жетпеген. Құжаттарын рәсімдеп, тиісті төлем- талаптарды құнттағанымен, жауаптылар жалтарып жатқан көрінеді. Салдарынан, қаңтардың қара суығында қара көмір жағып, отын-суын тасып отыр.

Раушан Ыстамбекова, Бозарық шағынауданының тұрғыны: «Газды береміз деп қараша айында айтқан. «Отын, көмір алмаңдар. Ақшасын төлесеңдер, газ кіреді», – деген. Теңгесін төледік, әлі газ бермеді. Үйіміз суық. 6 айлық сәбиі бар келінімнің, жаурап жатырмыз. Жасым 80-де, зейнеткермін! Көпбалалы анамын, еңбек ардагерімін! Неге ардагерлерге жағдай жасамайды?!»

Бүгінде қала іргесіндегі Бозарықта бір емес, 1700 отбасы бар. Тұрғындардың сөзіне сенсек, әлі ешбірінде газ жоқ. Орам биі Жексенбай Намазбеков те бұл мәселені көтеріп жауаптыларға талай барған. Табанынан тозыпты. Бірақ шенеуніктердің сүр сөзінен, құрғақ уәдесінен шаршағанын айтып шамданды.

Жексенбай Намазбеков, Бозарық шағынауданының төрағасы: «Күн сайын жиналыс, басқосу өтеді. Бірақ мардымды жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Өткен жолы қала әкімінің орынбасары мен аудан әкімі келді. «Газды қосамыз, болды», – деп кеткен. бірақ, әлі жоқ! Түсініксіз жағдай! Бұл мәселені кімге айтарымызды да білмей қалдық. Шаршадық!»

Бұл мәселеден қос тарапты үйлестіруші ретінде Қаратау ауданы әкімдігі де хабардар екен. Бірақ коммуналдық қызметті жекелей жайғастыруға мүмкіндіктің жоқ екенін алға тартқан әкім әзірге тек екі көше ғана газбен қамтылғанын жабырқай жеткізді.

Ғабит Мәуленқұлов, Қаратау ауданының әкімі: «Қай үйге берілді, қай үйге берілмеді деп, арнайы карта жасадық. Соның нәтижесінде, бүгінде газ беріліп жатыр. Газ берілгенде бәріне емес, белгілі бір аумақтарға берілуде. Келісім бойынша бір көшенің бойында 30 үй бар болса, оның ең болмағанда 50 пайызында құжаттары рәсімделсе, сол тұрғындарға газ берілді. Әзірге тек екі көшеге газ жеткізілді».

Таңданатыны сол, Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловтың ресми мәлімдемесін газды жеткізуге жауапты мамандар жоққа шығарды. «Интергаз Орталық Азия» АҚ өкілдері әлі Бозарықтағы бірде -бір үйге газдың жеткізілмегенін жасырмай, жайып салды. Жұмыстың сағызша созылуына тек тұрғындардың салғырттығы себеп екенін алға тартты.

Айдар Смағұлов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас инженері: «Үйдің ішіндегі техникалық ақаулардың анықталуына байланысты қазір Бозарықтағы ешбір тұрғынға газ берілген жоқ. Ешқайсысы талапқа сай емес! Себебі көмір қолданатын пешті қайта жасақтап, газды қабылдауға құрып қойыпты. Бұл деген дұрыс емес! Осындай олқылықтардың кесірінен қаншама адам қайтыс болып жатыр. Егер әкімдік тарапы бұл жағдайды яғни, қауіпсіздік шараларын өзінің жауапкершілігіне алып, «газды бере беріңдер!» десе, біз қарсы емеспіз!»

Айта өтетін ақпарат, Бозарықтағы барлығы 1700 үйдің тек 300-і ғана тиісті құжаттарын рәсімдеп, газды орнатуға ресми өтініш білдірген. Бірақ оның көбі қауіпсіздік талаптарына сай келмей, өтінімдері қанағаттандырылмаған. Бұл – Бозарыққа газдың кіріп, түтіні түтейтін күн алыс екенін білдіреді.

Мөлдір Бекеева