Полицейлерді сабағандарға қатысты сот процесі басталды

480

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында танымал кәсіпкерге қатысты сот процесі өтіп жатыр. Сотталушы екі полицейді соққыға жыққаны үшін айыпталып отыр. Қылмыстық оқиға 2009 жылы орын алған. Алайда сотқа дейінгі тергеп, тексеру енді ғана аяқталған.

Алтын Білтебай, Еңбекші аудандық сотының судьясы: «ҚР ҚК-нің 321-ші бабының 2-ші бөлігі, 126 баптың 2-ші бөлігімен, 178 баптың 2-ші бөлігі «а,» «ж» тармағымен қозғалған қылмыстық істі қарауды бастаймыз».

Процесс қатысушылары мен сотталушы түсірілімге қарсы болған жоқ. Оқиға былай өрбіген. Сауналардың бірінде әйелді таяққа жығып жатыр деген хабарламадан соң оқиға орнына полицейлер жеткен. Жәбірленушіге жәрдемге келген тәртіп сақшыларын күзетшілер соққыға жыққан. Одан соң араққа тойдырған. Тергеу бұл әрекеттерді өмірге қауіпті деп негіздеген. Сотталушының адвокаты мұнымен мүлдем келіспейді.

Сот куәгерлерді сұрай бастады. Сауна күзетшісі куәгерлік етті. «Мен бұл күні кезекшілікте едім. Полицейлер келді. «Қожайынды шақыр», – деді. Не болғанын білмеймін. Менің жанымнан өтіп бара жатқанда полицейлердің өзара әңгімесінен ауыздарына арақ құйғаны туралы естіп қалдым. Сосын микроавтобус келіп, бір жігіттер кіріп, шығып жүрді. Мен басқа залда болғандықтан, басқа ештеңе айта алмаймын»,- деді куәгер.

Екі жәбірленуші де сотталушыны қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды. Жәбірленушілердің бірі зейнет жасына шығып үлгірген. Бірі әлі де тәртіп сақшысы. Күдікті бар шындықты айтып беруге дайын екендігін мәлімдеді. Сот процесі әлі де жалғасуда.