Тұрғын үй кезегін жылжытып беремін деген алаяқтардан абай болыңыздар

1080

Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшылары азаматтарды алаяқтарға сеніп қалмауға шақырады. Осыған орай қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінде кездесу ұйымдастырылып, оған «Әкімге сұрақ» айдарында баспанаға қол жеткізу бойынша сұрақ қойған тұрғындар жиналды.

Кездесуге қатысқан тұрғындар мемлекеттік бағдарлама негізінде қалай кезекке тұруға болатынын, қандай құжат тапсыру керегін сұрады. Қала тұрғындары бұған қоса өз кезектері туралы мәлімет алды. Кездесуге 40-қа жуық тұрғын келді. Ең көп қойылған сауал – кезектің қалай жылжитынын білу болды.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мəлік Əбдінұров кезектің тек заң шеңберінде шешілетінін түсіндірді.
«Көбіне тұрғындар ақша берсең, кезегіңді жылжытып беремін деген сынды сөзге сеніп, алаяқтарға алданып қалып жатады. Бірақ мен тұрғындарды алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырамын. Сеніңіздер, кезектеріңіз заң шеңберінде реттеліп, барлығыңыздың тұрғын үй алуға кезектеріңіз келеді»,- деді Мəлік Əбдінұров.

Қалалық əкімдіктің мамандары алдағы уақытта да тұрғындармен түрлі сала бойынша осындай кездесу ұйымдастыруды жоспарлауда.