Анасы мен екі ұлын өлтіріп кетті

541

Шымкент қаласы Абай ауданы аумағында анасы мен екі ұлын белгісіз біреу өлтіріп кеткен. 53 жастағы әйел екі ұлын жалғыз өзі өсіріп келген. Алкогольдік ішімдік ішіп, немесе басқа да жаман әдеттен аулақ болған отбасына кімнің өштескені әлі жұмбақ.

8 ақпан күні кешкі сағат 18:00-20:00 шамасында өз үйінде жалғызбасты ананы екі ұлымен өлтіріп кеткен. Қандықол қылмыскер үйге газ құрылғысын қосып кеткен. 53 жастағы Марина, 22 жастағы Александр мен 12 жастағы Денисті ертіп қызының туған күн кешіне бармақ болған. Қонақтар кешіккесін күйеу баласы іздеп келген. Мәйіттерді тапқан күйеу баласы мен туған қызы екен.

Үш баланың анасы Марина Шымкенттегі өндіріс орындарының бірінде аспаз болып жұмыс істеген. Таңның атысы, күннің батысы балаларының нәпақасын тауып, бейнеттен көз ашпаған Марина мен балаларының тәртібі де, өмір сүру салты да қалыпты еңбекқор отбасы еді дейді көршілері. «Үлкен ұлы Александр колледжде студент еді. Марина сабырлы, еңбекқор болатын. Жүрегім ауырады… Не үшін? Не жазды олар?!»- деп көзіне жас алды үй іргелес көрші әйел.

Айдың күннің аманында, екі кештің ортасында бүкіл бір отбасын жер жастандырған бұл оқиға көршілерінің төбесінен жай түскендей әсер етті. Қылмыскер алдымен анасын, сосын үлкен ұлын өлтірген. Кейін қорқып тығылып қалған 12 жасар Денисті де аямапты. Бұл көршілерінің сөзі. «Олардың ешкімі жоқ еді. Енді бір қызы ғана қалды. Барлығын қырып тастапты. Не деген жауыздық?!»- дейді көршісі.

Бұл қанды оқиғаға қатысты ОҚО ІІД де, басқа да құзырлы органдар ресми ақпарат берген жоқ.

Жанар Есенбекова