Ауызсу ақысын есептеуде шикілік бар

568

Бір отбасына – 100 текше метр су. Шымкенттік тұрғын ауызсу ақысының түбіртегіндегі жазбалар құлаққа қонбайды деп шағынданды. Айтуынша, осыған дейін небәрі 5 текше метр су тұтынып келген тұрғындар үшін бұл күтпеген жағдай. Арнамызға арыздана келген абонент электр энергиясының ақысында да шикілік бар деп отыр.

Тельман Ахметжановтың үйінде 7 адам тұрады. «Үлкен отбасы болсақ та, біз бір айда 104 текше метр суды пайдалануымыз мүмкін емес», – деп шағынады қария. Зейнеткер «су ақысына келген түбіртекті көргенде төбе шашым тік тұрды», – дейді. Ондағы көрсетілген су мөлшері үшін ол енді 9 мың теңге төлеуі тиіс. Алайда, ай сайын бір ғана ауызсуға бұлай шығындалуға шамамыз жоқ дейді абонент.

Ал сала мамандары «су есептеуіш құралында ақау болуы мүмкін», – дегенді алға тартады. Себебі оншақты жылдан бері бұл құрылғы ауыстырылмапты. Жауаптылар құбырлардың сыр беруіне байланысты су шығыны орын алуы мүмкін екенін де жасырмайды.

Арнамызға арыздана келген абонент электр жарығының ақысын есептеуде де құйтырқылықтар бар дейді. Оның айтуынша тұтынылған электр қуатын есептеуде мамандар отбасы мүшелерінің барлығын ескеріп отырған жоқ. Егер ай сайын пайдаланылатын қуат көлемін осы үйде тіркеуде тұрған тұрғындарға шағып есептесе, әлдеқайда арзан төлейтін едік дейді.

«Энергопоток» ЖШС өкілдері бұл отбасының ай сайынғы төлемі қазіргіден әлдеқайда төмен болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ол үшін үй иесі тіркеудегі тұрғындардың тиісті құжаттарын мекемеге өткізуі тиіс.

Мақпал Рысбаева