Түркістан облысында барлық ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғанымен, 155 елді мекенде тұрғындар әлі де суды кестемен тұтынып отыр. Бұл мәселе қашан шешіледі? Қай ауылдар тәулік бойы ауыз сумен қамтылады? Облыс әкімі жауаптыларға қандай нақты тапсырмалар жүктеді? Толығырақ – алдағы сюжетте.
Түркістан облысындағы барлық ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Алайда 155 ауылда ауыз су кестемен беріліп жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен жиында көтерілді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, қазіргі таңда 5 мыңнан астам тұрғын ауыз суды кесте бойынша тұтынып отыр.
Мәселені шешу үшін арнайы жоспар әзірленген. Соған сәйкес 10 ауылдағы ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен реттеледі. Нәтижесінде Арыс қаласы мен Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 46 мыңға жуық тұрғын тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету өңірдегі басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол аудан және қала әкімдеріне, сондай-ақ жауапты басқарма басшыларына су кестесімен берілетін елді мекендердің мәселесін жедел шешуді, құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды және бөлінген қаржының тиімді әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Дилара Иса






