Депутаттар электр қуаты мен газ бағасын бірыңғай тарифке көшіруді ұсынды

552

Электр қуаты мен газ бағасы ел бойынша бірыңғай тарифке көшуі мүмкін. Бұл туралы мәжілісте «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутаттар осындай ұсыныс айтты, – деп хабарлайды astanatv.kz.

Олардың пікірінше, газ бағасының литрі елдің бір өңірінде 8 теңгемен, ал енді бір өңірінде 34 теңгемен сатылуы әлеуметтік теңсіздікке әкеліп отыр.

Сондықтан бағаны біртараптандыруды қолдайды. Депутаттар электр тарифінің әр алуандығына қатысты да мысал келтірді.

Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Мысалы, ШҚО-да ҚҚС қоспағанда электр жарығының бір киловаты 12 теңге тұрады, ал ОҚО-да 22 теңге. Мұны бағаны біртарапатандырып, халық төлей алатын жағдайға жеткізу оңайырақ болмай ма?»

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі: «Экономиканың құрылымы, бизнестің үйренген, есептелген шығындары бар. Оның барлығы өзгерсе, қандай ықпал болады, қалай әсер етеді, соның бәрін есептеу керек. Біз есептейік, сосын шешім қабылданған соң, ақпарат береміз».

Сондай-ақ қаралған құжат қабылданса, бұдан былай табиғи монополиялардың барлық субъектілері тарифтерін 5 жыл бұрын бекітеді. Бұл өз кезегінде тариф құнының талапқа сай өзгеріп, күрт қымбаттап кетуінен сақтайды. Бүгінде мекемелердің 95 пайызы тариф бағасын 5 жылға белгілеп қойған.