Емдік-сауықтыру орындарының көрмесі өтті

560

Алдағы уақытта күнгейде туристік-медициналық бағытты дамытуға басты басымдық берілмек. Сарыағаштағы санаторийлерімен атағы алысқа кеткен облысымызға әрі ем алуға, әрі демалуға келшілерді көптеп тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасалмақ.

Соның алғашқы нышаны ретінде бүгін «Көрме» орталығында өңіріміздегі шипажайлардың көрмесі өткізілді. Онда емдік-демалыс орындарының өкілдері қатысып, өздерінің демалыс орындарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік алды. Емдік шипажайлардың қызметінен бөлек денсаулықты нығайтуға арналған өнім өндіретін компаниялардың тауарлары келушілердің назарына ілікті.

Көрмеге 40-қа жуық серіктестіктердің өкілдер қатысты. Олардың ішінде елімізге белгілі «Арай-делюкс» емдеу-оңалту кешені, «Гирудомед» сүлікпен емдеу орталығы, «Асыл Арман» ЖШС-тері мен тіс емханалары да бар. Денсаулықты нығайтуға күш салатын орталықтар өздерінің ұсынатын қызметтері туралы жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізді.

Шипажайлардың отаны саналатын оңтүстікте түрлі дертті емдейтін көптеген емдеу сауықтыру орындары жетерлік. Заман талабына сай салынған жаңа шипажайлардың қатары артып келеді.

Шетелдік косметикалық өнімдерді шетке ысырып келе жатқан «Рауан» ғылыми өндірістік орталығы мен «Айсәуле» бренді бүгінде тұтынушыларын өз өнімдерімен қуантуда Ерекше құрт жасап, оны үлкен нарыққа бейімдеп үлгерген «Құртафелло» серіктестігі өзінің дәмі тіл үйіретін өнімдерімен тамсандырды.