Күнгейде «Қайырымдылық күні» өтті

504

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Оңтүстікте басталған онкүндіктің екінші күні – «Қайырымдылық күні» тақырыбында жалғасын тапты. Бүгін облыс аумағында «Жан жылуы» акциясы аясында жалғызбасты және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіліп, балалар үйлерінде қайырымдылық шаралары өтті.

Акцияға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер де белсене атсалысты. Бүгін облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері Төлеби ауданындағы №2 балалар үйінің, Сайрам ауданындағы «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар үйінің және Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлау және Алғыс айту күнінің мәнін ұғындыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып, сыйлықтар тарту етті.

«Қиын-қыстау кезеңде қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған түрлі этностардың бүгінгі ұрпақтары – біздердің қиыншылықта пана болған қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Қазақ халқының бауырмалдылығының арқасында өсіп-өндік. Ортақ отанымыздың өркендеуіне үлес қосуды парызым деп санап, қайырымдылық шараларына үнемі қатысып отырамын. Бүгін «Қайырымдылық күні» аясында өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер балаларға қуаныш сыйлауды жөн санадық. Мұндай игі шаралар адамдардың арасын жақындатып, бірлікті нығайта түседі», – дейді облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латифша Асанов.

Айта кетейік, ертең «Шабыт күні» аясында «Ынтымағы жарасқан Қазақстан!» тақырыбында облысымыздың барлық аудан, қалаларында қолөнер бұйымдарының көрмелері, Жалпы орта мектептер мен колледждерде шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады.