«Шабыт күні» шабытты шалқытқан көрме өтті

1149

Ынтымақтың ордасын тігіп, тұрақтылықтың туын биік ұстаған – Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ерекше көрме ұйымдастырылды. 1 наурыз – Алғыс айту күніне әртүрлі мәдени іс-шара өткізу жоспарланғаны белгілі. Осыған орай онкүндіктің үшінші күні – «Шабыт күні» деп аталды.

Шабытты тасытқан шабыт күніндегі көрмеге «Ынтымағы жарасқан Қазақстан!» атауы бұйырыпты. Көздің жауын алатын керемет бұйымдар көрмеде көп болды. Келушілердің қарасы да аз болған жоқ. 

Қасиет Исабеков – Ордабасы ауданының тумасы. Өңірімізге белгілі қолөнер шебері. Ол бүгін көрмеге өзі жасаған ұлттық бұйымдарын әкеліпті. Солардың арасындағы ең бағалысы – ер тұрман. Құны 2,5 миллион теңге тұратын ерді күміспен қаптап, асыл тастардан көз орнатып, кемеліне келтіріп жасаған. Көз жауын алатын туындысын жасауға 1 апта уақытын сарп етіпті. Ұлттық бұйымдары Астанада өткен «ЭКСПО – 2017»  халықаралық көрмесіне қойылған шеберге Елбасының өзі алғыс айтқан.

Қасиет Исабеков, қолөнер шебері: «Ата-бабаларымыздың қолданған заттарын жасап, оны халық арасында насихаттау өз борышым деп санаймын. Қазір бұл заттарды көп қолданбайды. Біз осылай халық арасында насихаттап, кезінде қазақ елінің қолданған заттарын қазіргі жастарға көрсетіп, таныстыру біздің борышымыз. Осындай көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрса оның берері мол».

Көрмеге 20-дан астам қолөнер шеберінің ұлттық бұйымдары қойылған. Жұртшылық назарын аударған тағы бір зат – ұлттық музыкалық аспап. Олардың сәні өзіне тартып, қызықтырса, әсем үн қауымды бір сәт елітіп қойды.

Маржан Шарафи, қала тұрғыны: «Бүгінгі ұлттық бұйымдар қойылған көрмеге оқушыларымды арнайы алып келдім. Оларға музыкалық аспаптар қатты ұнады. Көріп тұрғандарыңыздай сол жерден кете алмай тұр. Ұлттық аспаптың үнін тыңдап, шеберге әртүрлі сұрақтар қойып, қызығушылық танытып жатыр. Ескіден ата-әжелерімізден естіген заттарды бүгін көзбен көрдік. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын».

Қолданыстан қалыс қалып, ұмытыла бастаған заттарды тамашалауға келген жұрттың қарасы көп. Ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен әсемделіп жасалған әшекейлер де осы жерден табылды. Тұрмыста қолдануға арналған неше түрлі киіз бұйымдар да бар. Бір айта кетері, бүгінгі көрме тек Шымкентте ғана емес, барлық аудан-қалаларда өткізіліп жатыр.

Ербас Өтегенов, ұйымдастырушы: «Өздеріңіз көргендей келушілердің басым көпшілігі жастар. Барлығы әр затқа қызығып, сол зат жайлы көп білгісі келіп тұрғаны бізді қуантты. Халыққа қажет іс-шара болғанына көңіліміз толды. Мұндай көрмелер мұнымен тоқтамайды. Әлі де ұйымдастырылатын болады».

Ұлттық мәдениетіміз бен құндылығымыз жаңғырған көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Бұған көрменің басы-қасында жүрген өзіміз куәміз. Жадымыздан жоғалуға айналған ұлттық бұйымдарды жаңғырту тек мереке-мейрам қарсаңында ғана емес, жиі-жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.