Шымкентте 2-ші қабаттан секірген оқушыны мұғалімдері құтқарып қалды

413

Шымкентте жеткіншек өмірімен қоштаса жаздады. №18 мектептің 9 сынып оқушысы қатты күйзеліске ұшырап, ғимараттың екінші қабатынан секірген. Полицейлер қазір осы оқиға бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Оқыс оқиға кезінде шұғыл әрекетке көшкен мектеп қызметкерлері оқушының өміріне араша түскен. 9 сынып оқушысының өмірін жалмай жаздаған жайсыз жағдай осыдан 6 күн бұрын орын алған.

Оқушыны жарты сағат бойы сабырға шақырған ұстаздардың әрекетінен түк шықпаған. Қыз ақыры мектептің екінші қабатынан секірген. Алайда мектеп қызметкерлері қас пен көздің арасында терезенің тұсына төсеніштер төсеп үлгеріпті.

Қыз тез арада ауруханаға жеткізілген. Алғашқы көмектен кейін-ақ оған дәрігерлер үй жағдайында емделуге кеңес берген. Қазір өмірімен қоштаса жаздаған шәкіртпен психологтар, дәрігерлер жұмыс жүргізуде.

Мұндай түсіндіру шаралары мектепте де басталып кеткен. Полицейлер тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Ал қыздың ата-анасы мектепке ешқандай шағымымыз жоқ деп отыр.